Айналма жол сын көтермейді

(0 Votes)

Жақында ғана Атырау-Ақтөбе тас жолында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алып, тоғыз адам қаза тапты. Бірнеше отбасы қара жамылды. Бір отбасынан ерлі-зайыптылар балаларымен бірге өмірден өткені өкінішті-ақ.

«Асыққан жетпес, бұйырған кетпес», дегенді ескере бермейтін біздің жүргізушілеріміздің кәсіби шеберлігі мен жолдарымыздың сапасына тоқталсақ, ертең бұл оқиға бізде де қайталанбасына кім кепіл?! Айналма жолдарымыз «Телеграмм» әлеуметтік желісінің жұлдызына айналып, ақпарат көздерінде сынның садағына ілініп жүргені қалың көпшілікке жақсы мәлім. Алда жаңбырлы маусым мен көк тайғақты қаһарлы қыс тұр. Осыған орай аудандық полиция бөлімінің бастығы Тұрғали Жұмашевтің ұсынысымен аудан әкімі Қайрат Нұртаев  ауданымызда жол салып жатқан мердігер мекемелер, жауапты бөлім басшылары, құқық қорғау қызметкерлерінің басын қосып шұғыл жиналыс өткізді. Онда жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы талқыланды.

Шұғыл жиналысты ашқан аудан әкімі Қайрат Талапұлы қазіргі күні ауыр қайғыға душар еткен жол апатына қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізіп, оның қорытындысымен қауіпсіздікті сақтау мақсатында қандай жұмыстар жасалғаны анықталатынын жеткізіп:

– Бұл көліктер бітпеген жолдың үстіне шығып кеткен ғой. Мұндай жағдай бізде қайталанбауы үшін бас қосып отырмыз. Менің айтайын дегенім «Қазавтодор» АҚ қазір «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолын «Сине Мидас строй» мекемесіне берді. Бәрі бітіп жол тапсырылғанға дейін қауіпсіздік сіздердің мойындарыңызда. Қазір айналма жол салынуда. Шекарадан бастағанда Сазанқұраққа дейінгі 80 шақырымға сіздер жауаптысыздар. Бүгінде онымен жүру мүмкін емес. Шұңқырларды мүлдем жасамайсыздар. Жол белгілері де жоқ. Ертең сол жерде жол-көлік оқиғасы орын алса өздеріңіз  жауап бересіздер. Өзім кезінде жолмен айналысқандықтан қанша ақша бөлініп, жұмыс қалай жүріп жатқанын жақсы білемін. Адам өмірі ең қымбат нәрсе. Кеше сіздердің басшыларыңызбен сөйлестім. Мен алғаш келгенде осы айналма жолдарды дұрыстау мәселесін көтердім. Бастапқыда жақсы болды. Барлық техникаларды шығарып оның бойындағы көлік түсіп кететін шұңқырларды бітеңіздер. Екі жақ шетін толтырыңыздар. Әйтеуір көлік алып қашса да үстінен жайлап жүріп өтеді ғой. Әйтпесе, шұңқырдан қашамын деп бір-біріне соғылады, - деп көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауда ұсталатынын жеткізді.

politsiya

Алғашқы болып хабарлама жасаған аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясының аға мемлекеттік авто инспекторы Асылбек Муфтаховтың айтуынша жыл басынан бері аудан көлеміндегі жолдарда құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерлер «Сине Мидас Строй», «Бекет Сәт Жол», күтіп ұстаушы «Құрманғазы жолдары», «Ганюшкин құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барлығы 117 тексеру актілері жасалып, кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілген. Оның 23-і «Сине Мидас Строй», 4-і «Бекет Сәт Жол» ЖШС-не тиесілі. Алғашқысы қорытынды шығарып, кемшіліктерді жойған. Осындай қадағалаудың нәтижесінде «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолында дене жарақатымен ауыр жол-көлік оқиғалары орын алған жоқ. 

– Өткен жылы 4 жол-көлік оқиғасы болып, 8 адам әртүрлі дене жарақатын алған еді. Алайда биыл облыстық және аудандық жолдарда 10 жол апаты болып, 4 адам қаза тауып, 12-сі жарақаттанды. Былтыр 12 жол-көлік оқиғасында  21 адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. Қысқы ауа райының қолайсыздығына аталған мекемелердің дайындықтары тексеріліп, жазбаша түрде жауаптар алынды, - деген хабарламашы айналма жолдарды шаң басуын, салынып жатқан жолдарға автокөліктердің шығып кетуін болдырмау, өту кезінде дәліздерді қоршау қажеттігін айтып, бұл жұмыстар қадағалауда ұсталатынын қаперге берді. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерге жол белгілерін қоюды тапсырды.

mina-stroj

«Сина Мидас Строй» ЖШС жоба жетекшісі Бердібек Өмірбаев қысқаша хабарлама жасап:

 – Негізгі жолдың 47 шақырымына төменгі қабат асфальт төсеулі тұр. Жолдың аяқталған бөлігін биыл пайдалануға беру жоспарда бар. 80 шақырымы бойынша күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде. Ақша бөлінбесе де келісімшарт бойынша мекемеміз оны өз мойнына алып отыр. Әлсін-әлсін шұңқырларын жөндеу жұмыстары жасалуда. Жыл басынан бері жоба бойынша жұмыстар атқарылуда, - деді.

Бірақ, оның бойында әлі де жасалатын жұмыстар бары жиналыста ашық айтылды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Тұрғали Жұмашев:

– Сіздер пайдалануға бергелі  жатқан жолда жол белгілері жоқ. Бір шетіне шығып тоқтайтын жол жиектері де жасалмаған. Ертең бір көлік тоқтаса артында қатты жылдамдықпен келе жатқаны оған соғылады. Жол бойына жарықтар да орнатылмаған. Осыған мән беру керек, - деген орынды ұсынысын ортаға салды.

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

 – Салынып жатқан жолдың Құрманғазы мен Котяев ауылдары аралығы ең негізгі бөлігі. Ертең оның біткен бөлігін ашсақ екінші мәселе туындайды. Ол – көліктердің қатты жүруін болдырмау. Жол түгел бітпегендіктен біз жылдамдықты тежеуіміз керек. Сағатына 180-200 шақырым ұстайтындар бар. Халыққа жағдай жасағанымыз дұрыс, бірақ, қауіпсіздікті де естен шығармайық. Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс жасайық, - деп өз ұсыныстарын ортаға салды.

zhinalys1

Аудан басшысының көпірді қоспағанда жолдың 60 шақырымын пайдалануға беруге қатысты сұрағына «Сина Мидас Строй» ЖШС қауіпсіздікті және еңбекті қамтамасыз ету маманы Оспанәлі Тілепбергенов жауап қайтарды. Олай етуге болады екен, тек жол жиектерін жасау қажет. Ал, оған айналма жолдағы материалдар салынады. Айтуынша қауіпсіздікті сақтау жөнінде тиісті мамандарға тапсырмалар берілген. Осындай ақпараттар берген О.Тілепбергенов:

– Жоба бойынша ауылдық жерлерде сағатына 60 шақырыммен жүруге рұқсат етілсе, одан шыққаннан кейін жылдамдықты тежеу жоқ. Біз жөндеу жұмыстары әлі бітпеуі себебімен ғана жылдамдықты шектеу белгілерін уақытша қоя аламыз. Бірінші жол  қауіпсіздігі мәселесін толық қамтамасыз етіп барып ашқанымыз дұрыс сияқты. Жалпы жол құрылысы түгел аяқталмай тұрып оны беру асығыстық емес пе?, - деп, алаңдаушылығын да жасырып қалмады.

Аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов:

– Айналма жолдың жағдайы сын көтермейді. Халық наразылығын білдіріп жатыр. Оның бойымен қатынау қиын. Осыны да хаттамаға енгізу керек, - деген ұсынысын ортаға салды.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Тұрғали Жұмашев:

– «Камаз» сияқты ірі көліктердің қозғалысын белгілеп беру қажет. Құрылыс материалдарын тасығанда олар салынып жатқан жолмен жүрмеуі тиіс, - деген өз ұсынысын айтты.

 Аудан әкімі Қайрат Нұртаев жиналысты қорытындылап, мердігер мекеме өкілдері мен бөлім басшыларына жол бойында қауіпсіздікті сақтауға қатысты  тапсырмаларын берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521