Астанада Республика күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан келген өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысқан болатын. Олар – көпшілікке үлгі көпбалалы еңбек адамдары және шығармашыл отбасылар. Байқауға Атырау облысының атынан Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылдық округінен теміржолшылар династиясы Зияпеден Утеповтың отбасы бақтарын сынап, өңіріміздің мерейін тасытып, абыройын асқақтатты.
Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, ана мен баланы қорғауға ерекше көңіл бөлінгенін де сөз етті.
Биыл байқау он екінші рет өткізіліп отыр. Ол рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған бірегей жоба. Байқауға еліміздің барлық өңірінен 3434 өтінім түскен. Әр өңір бойынша жеңімпаз анықталып, барлығы 20 отбасы марапатталды. Ауданымыздан қатысқан Утеповтер отбасы да үздіктер қатарынан табылып, естелік мүсінше, диплом мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификатқа ие болды. Аймақ намысын қорғаған қарапайым отбасы иелері Зияпеден Сейтұлы мен Мағауира Қасымқызының шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толып отыр. Олар 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 9 немере мен 5 жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.


Айнагүл Шакупова


