Айдынға аттануға сақадай сай

(0 Votes)

Еділ мен Жайық бойын жайлаған қалың жұртшылықтың ежелгі кәсібінің бірі – балықшылық. Бұрындары ата-бабаларымыз  артельдерге, ұжымшарларға бірігіп су маржанын тереңнен терсе, ел тәуелсіздігімен бірге өмірімізге дендеп енген нарықтық қатынастың талабына орай өндірістік кооперативтер мен серіктестіктердің құрамында балық аулайды.

Балық аулау біздің халқымыз үшін таңсық кәсіп емес. Бұл адамзат тарихындағы ең көне мамандықтардың бірі. Сан ғасырлар бойы бұл сала өзен жағалағандарға күнкөріс пен табыстың көзі болып келеді. Қазіргі балық шаруашылығы – елдің экспорттық әлеуетін арттыра отырып, ел экономикасының өсуіне өз үлесін қосатын үлкен өндіріске айналды. Мемлекет те өз кезегінде осы саланы барынша қолдауға ден қойды. Қазіргі уақытта түрлі бағыттағы көмектердің арқасында балық аулау, балық өнеркәсібі алдыңғы жылдарға қарағанда кешенді дами түсті. Кәрі Каспийіміз бен  Қиғаш сияқты Еділдің төменгі сағалары мыңғыраған мал өсірумен қатар балық шаруашылығын дамытуға қолай­лы аймақ. Оған елімізде ауланатын балықтың едәуір бөлігі осы үлкен атырапқа тиесілі екені дәлел бола алады. Демек, Құрманғазы ауданы үшін балық ша­­руа­­шылығын дамыту – күн тәрті­бінен түспейтін мәселенің бірі. Бұл күндері балықшыларымыз күзгі балық аулау науқанына қызу қамданыс үстінде. Күннің ыстығы қайтып, су суыған тұста өздерінің үйреншікті кәсіптеріне бірден кіріседі.

Ауданда балық шаруашылығымен «Каспий-Балық», «Каспий таңы» өндірістік кооперативтері,  «Шәміш Сүлейменов», «Тілекші»,  «Аманкелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Е.Сәрсенбаев»  шаруа қожалығы сынды 6 шаруашылық нысаны айналысады. Қиғаш өзенінен және  Каспий теңізінің жағалауынан балық аулайтын шаруашылықтарға 9 жерден  ау тартым учаскелері бөлінді. Атап айтқанда, «Каспий-Балыққа» «Песок», «Ягодка», «Булгачный», «Бахыт»,  «Ш.Сүлейменов» ЖШС-не «Қарақамыс»,  «Е.Сәрсенбаев» шаруа қожалығына «Қызыл оба», «Амангелді» серіктестігіне «Қарағаш», «Төменгі – Богатый», «Золотенок» тартымдары бекітіліп берілді.  Сонымен қатар, Қиғаш өзенінің сағалық кеңістіктерінен «Каспий-Балық» «Жаркоса», «Новинск», «Каспий таңы» «Мальцев», «Ш.Сүлейменов» «Иголкинский», «Е.Сәрсенбаев» ШҚ «Верхняя-Коса», «Терешкин», «Дементьев», «Амангелді»  «Ватажный», «Тілекші»  «Птичи»  учаскелерінен  балық аулайды.  

Науқанға  аудан бойынша тұрақтысы бар, уақытшасы бар мыңның үстінде адам тартылып келеді. Көктемгі балық аулауға 28575 вентер, 38905 сеткі, 45 ау, 525 қайық қолданылды.  Ау тартымдарында 201 қайық звеносы, 116 балықшыдан тұратын 10 бригада жұмылдырылды. Алдағы науқанда да осыншама адам күші мен техникалар, құрал-жарақтар қатыстырылады. Ауланған су маржандары 20 теплоход, 21 мотокатер, 31 балық құятын ыдыс, 125 көмекші қайық арқылы тасымалданады. Сондай-ақ, жылжымалы балық қабылдағыш 13 прорез, 12 пункт қызмет көрсететін болады. Ұжымдардың 8 цехында өңделген балық  32 тоңазытқыш, 26 мұздатқышта сақталады. Бұдан басқа суда жүзетін балық қатыратын арнайы тоңазытқыштар, 17  қойма, балық тұздайтын 251 чан, кептіруге арналған 15 қондырғы бар.

Аудан табиғат пайдаланушыларына 2021 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін бөлінген балық аулау квотасы бойынша тиесілі 5603 тоннаның орнына 5547 тонна балық ауланып, лимит 99 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың 5 айында 2923 тонна балық  экспортқа шығарылды. Оның 619 тоннасы Украинаға, 80 тоннасы Грузияға, 2210 тоннасы  Ресей Федерациясына, 14 тоннасы Израйль мемлекетіне экспортталды. Ауланған балықтардың басым бөлігі шет елдерге мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп, евростандартқа сай жөнелтілді.

Ауданда  балық    шаруашылығын   дамыту   бойынша  2021–2025 жылдар аралығында 3 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда.    Олардың  жалпы  құны  3 млрд.  950 млн. тенге.   Оның    608 млн. тенгесін       шаруашылықтар        өз   қаражаты   есебінен       шығарса,  3  млрд. 342 млн. тенгесі қаржы институттары арқылы  қаржыландырылмақшы. Бағдарламаның негізгі бағыты тоғанда балық өсіру және замануи балық өңдейтін цех салуды көздейді.  Инвестициялық жобалардың  қуаты  - жылына 1220 тонна балық және балық өнімдерін өндіретін болады.

Маусым аралықта балықшылар күзгі аулауға дайындықпен қатар шабақ құтқару ісімен айналысты. Құрманғазы балық инспекциясымен бірлесіп аудан табиғат пайдаланушылары су қайтқанда бөлініп қалған көлшіктерде майда балықтарды, шабақтарды құтқару шараларын ұйымдастырды. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде құтқарылған шабақтар қауіпсіз айдындарға жіберілді. Табиғат пайдаланушыларға ауылдық округтердің жерлерінен шабақ құтқару аумағы бөлініп берілді. Мәселен, Қиғаш, Дыңғызыл, Шортанбай ауылдық округтерінде «Амангелді атындағы» ЖШС, Байда, Кудряшов, Сафонда «Каспий таңы» ӨК, Бірлік, Теңіз, Құрманғазыда «Каспий балық» ӨК, Мақаш, Еңбекші, Жаңаталап, Ақкөлде «Тілекші» және «Ш.Сулейменов ЛТД» серіктестіктері, Орлы, Нұржауда «Сарсенбаев Е.» шаруа қожалығы нәтижелі жұмыстанды. Жалпы, биыл аудан көлемінде балық өлімінің алдын алу жұмыстары  жоспарлы түрде жүргізілді. Соның арқасында биылғы жылы аудан көлемінде жаппай балық қырылу  фактілері анықталған жоқ.

 

Айбек МЕЙІРМАН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT