Қайғысыз қара су ас

(0 Votes)

Былтырғы қаңтар оқиғасы бәріміздің де жанымызды күйзелтті.

Не болып кеткенін түсінбей қалдық. Кеше ғана нарық айдынында еркін жүзген, тып-тыныш жатқан елімізді әлдебір дауыл шайқағандай күй кештік. Барлық жерде тәртіпсіздіктер, тонау мен өртеу, қирату орын алды. Билікке демократиялық жолмен емес, күшпен жетуді көздегендердің жетегінде кеткендер ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратудан қалғанын көрдік. Қаңтар оқиғасының 1 жылдығына арналған Мәжіліс отырысында оның толық хронологиясы келтірілді. Отырысқа қатысқан құқық қорғау органдары тарапынан 2022 жылғы 4-5 қаңтарда орын алған оқиғада қару-жарақ қоймаларын тонап, көптеген қару-жарақ, оқ дәрілер қолды болғаны айтылды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полиция күштері қарулы топтардың шабуылына ұшырап, инфрақұрылымға зақым келтіргендіктен, бүкіл Алматы бойынша қылмыскерлер жаппай ойран мен тонауға жасауға кіріскенін жеткізді. Бұл бейбіт шеруді пайдаланып қалған қара ниеттілердің әрекеті екенін ашық аңғардық. Шерушілер мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының ғимараттарын, банк терминалдары мен ақша айырбастау орындарын тонауды, кәсібін нәсібі етіп күнін көріп жүргендердің дүкендерін қиратуды алдарына мақсат етіп қоймаған шығар?! Жалпы еліміз бойынша 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалса, соның ішінде 1 395 – бизнес нысаны, 71 – мемлекеттік мекеме. Министр бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 млрд теңгені құрағанын айтып отыр. Қаңтарда қара жамылған отбасыларының қайғысына кінәлі қылмыскерлер жауапқа тартылуы тиіс. «Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледінің» кері келіп тәптіпті қалпына келтіруге тырысқан күштік құрылымдар мен қарулы зұлымдардың қақтығысында қосақ ортасында босқа кінәлі болғандардың ақталып жатырғаны қуантады. Қазақ «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң», демей ме?! Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылыққа ілінген 461 азамат жұмысқа орналастырылғанын айтқаны жанымызға жылу төкті. Бірлігімізге сызат түспесін ағайын! Жері кең болғанымен, халқы аз мемлекетпіз! «Қайғысыз қара су ас», деген, демократиялық жолмен дамуды мақсат тұтқан еліміздің тағдыры өз қолымызда екенін ескерейік. Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл үстінде тұрған кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл, батыл, кемеңгерлік шешімінің арқасында төнген қауіптің беті қайтты. Ел басына түскен сын сағатта Президент халқымен бірге екенін дәлелдеді. Тәуелсіздік бәрінен қымбат десек, ел қауіпсіздігі бірінші орында болу керек. Сондықтан, Мемлекет басшысын қолдап, жүргізіп жатырған реформаларына атсалысайық. Қасіретті қаңтардан сабақ алайық!

Сабыржан Сұлтанов, облыстық мәслихат депутаты, "Құрманғазы " ӨК төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521