Агрокешенді қолдау жалғасады

(0 Votes)

Президентіміздің  жыл сайынғы  Жолдауын асыға күтеміз. Себебі, онда айтылған  тапсырмалардың елдің қоғамдық өмірі, мемлекетіміздің дамуы үшін орны айтарлықтай зор. Мемлекет басшысы бүгінгі  Жолдауында  ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін атап көрсетіп: «Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформалар  жүргізуде. Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған» деді . 

Ауданымыздың экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына негізделген. Төрт түлікті өсіруге бізде жағдай бар. Мемлекет басшысы айтқан  қолдауды ауданымыздың күнделікті өмірінен де байқап  жүрміз.  Бір мысал келтіре кетейік. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек,  осы жылдың 6 айының өзінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» сәйкес, 75 шаруа қожалығына  85 млн. 890 мың теңге субсидия төленген. Тарқатып айтсақ, сатып алынған 62 бас асыл тұқымды бұқаға – 9 млн.300 мың, асыл тұқымды 49 бас қошқарға – 7 млн.350 мың, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатқан 1518 бас асыл тұқымды аналық мүйізді ірі қараға – 22 млн.650 мың, тұқымдық түрлендіруге қатысып жатырған 4659 бас тауарлы аналық мүйізді ірі қараға  – 46 млн.590 мың теңге төленіп отыр. Бұл әрине, шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. 

Әрине, Жолдауда айтылғандай  жасалған  жұмыстар  агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға  әлі де жеткіліксіз. Бөлінген қаржыны тиімді, оңтайлы, желге ұшпай әр тиыны  кіріс кіргізетіндей етіп пайдалану күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек,»  – деді Президентіміз  бұл тапсырма құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті екенін еске салып, әрі аталған қадам инновация мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін жеткізіп. Біз Жолдауда  алға қойылған  міндеттерді жұмыла  жүзеге асыруға тиіспіз. Жерлестерімді  еліміздің өркендеуі  жолындағы ортақ іске белсене атсалысуға  шақырамын.

Серік Алғаязов, 
“Алғаяз” шаруа қожалығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT