АЭС – жарқын болашаққа нық қадам!

(0 Votes)

Аудандық  орталықтандырылған  кітапханада  аудандық  «Серпер» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұйымдастыруымен  6 қазан – АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдум  өткізуге арналған  «АЭС – жарқын болашаққа нық қадам» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында  атом  электр стансасы  оның келешегі, тиімділігі жайлы мәселелер қозғалды. Төменде ықшамдап келтіріп отырмыз.

Дөңгелек үстелді  мордератор ретінде Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің  бас редакторы Айнагүл Шакупова жүргізіп: – Бүгінгі дөңгелек үстелімізге мемлекеттік қызметтің ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы  Ғаббасов Қанат Айтжанұлы, «Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық электр желілері мекемесінің заңгері Мұратов Асанәлі Болатұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, АЭС құрылысын салуға қатысқан Жанизин Есмұхан Долайұлы, Чернобыль апатын жоюға қатысушы ардагерлердің аудандық ұйымының төрағасы Мәмбетов Ерсұлтан Ғалымжанұлы  қатысып отыр. Қазір елімізде АЭС салу талқыға түсіп жатыр. Алдағы күндерде халық өз таңдауын жасайды. Басқосуымыздың мақсаты  АЭС салуға референдум өткізуге қатысты болғандықтан осы төңіректе  әңгіме өрбітсек,  сіздердің пікірлеріңізді естісек  дейміз.

Өздеріңізге жақсы мәлім, 2024 жылдың 2-ші қыркүйегі күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының басты тоғыз бағытын атап өтті. Төртінші бағыты инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуде энергия тапшылығын жою мақсатында елімізде атом электр стансасын салу туралы әңгіме қозғалды. Мемлекет басшысы  Үкіметтің ұсынысын қолдап  6 қазанда бүкілхалықтық  референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл Тәуелсіз еліміздің демократиялық  жолмен дамуының, Жаңа Қазақстанды, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқанымыздың айқын көрінісі. Негізі елімізге АЭС керектігі 2007 жылдан бері айтылып келеді. Бір шешімге келетін сәт туды. Бұл мәселені шешуді  бүгін бастамасақ, ертең энергия тапшылығы арта түседі. Ал, атом стансасы бір күнде тұрмайды, оны  салуға біраз жылдар кетеді. 
– Қанат Айтжанұлы, ауданымызға танымал азамат, Мемлекеттік қызметтің ардагері ретінде Қазақстанда АЭС салу туралы сіздің пікіріңізді естісек дейміз?

Құрманғазы ауданының Құрметті  азаматы Қанат Ғаббасов: – Күнбе-күн теледидар, баспасөз арқылы осы мәселе халықтың талқысына түсіп жатыр. Қазақстан Республикасының  азаматы ретінде АЭС салуды  қолдаймын. Қазір Құрманғазы ауданының  Балқұдық-Сүйіндік-Асан округтері, жалпы біздің ауданымыз электр энергиясын Ресейден алып отырмыз. Күнбе-күн  қымбатсытып отыр, ертең бермей қалуы да мүмкін. Осы жермен салыстырғанда Азғыр өңірі  қуат көзіне қымбат төлейді. Сондықтан, өзге  елге тәуелді болу дұрыс емес. Менің ойымша Қазақстанға біреу аз, төрт-бес АЭС салса да артықтық  етпейді. Себебі, электр жарығына жеке адамнан да, бюджеттен де көп қаржы жұмсалады. Егер, АЭС салсақ, энергияның қазіргі бағасы арзандайды, тапшылық азаяды. Әркім өз пкірін білдіруге құқылы болғанымен бұл жөнінде жағымсыз пікір қалыптастырғанға  қарсымын. Бірауыздылық керек, онсыз  қандай істе де жеңіс болмайды. АЭС 10 жылдың үстінде салынатын нәрсе. Мысалы, мұндай стансаларды  104-ке дейін салған мемлекеттер бар. Біз болсақ әлі біреуін салмай, анда-мында тартып  жүрміз. Жаңа айтқанымдай  АЭС салуды қолдаймын, отбасыма осыны түсіндіремін. Жақында округімізде өткен үлкен шарада да осы пікірімізді айтқан болатынмын.

Модератор Айнагүл Шакупова: – Дұрыс айтасыз Қанат Айтжанұлы, біз электр энергиясы жағынан әлі де Ресейге тәуелдіміз. Мысалы, Азғыр өңіріне көршілес елден қымбат бағамен  алып, халыққа арзан беріп, үстіндегісін бюджеттен төледік. «Кісідегінің кілті аспанда», дегендей, өзендеріміз де Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан бастау алады. Су тапшылығы жылдан-жылға сезілуде. Аталған елдер бізге қажетті су мөлшерін жіберуді кемітсе немесе Ресей қуат көзі бағасын көтерсе, елімізде көмір құны өссе онсыз да тапшы электр энергиясының бағасы шарықтап кетері анық. Сондықтан, ертеңін ойлаған еліміздің  экологиялық жағынан таза әрі мол энергия беретін АЭС салуды қолға алуы заңды құбылыс деп санаймыз. Онсыз энергия тапшылығы бола береді. 

– Асанәлі  Болатұлы электр энергиясымен қамту ауданымызда қалай жүзеге асуда? Қуат көзі тапшылығын шешуде АЭС-тің рөлі қандай?

«Атырау-Жарық» АҚ Құрманғазы аудандық электр желілері мекемесінің заңгері Асанәлі Мұратов: – Ауданымыз бойынша электрмен қамтуда қиын жағдай тек жаз кезінде болады. Сол уақытта тапшылықты сезінеміз. Қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Бізге АЭС міндетті түрде керек. Себебі, энергия тапшылығы жылма-жыл көбейе түсуде. Өздеріңіз білесіздер Азғыр өңірі негізінен Ресей арқылы қамтылуда. Халық өскен сайын оны тұтыну да көбейе түседі. Бұл мәселе АЭС салмай толық шешілмейді.

Модератор  Айнагүл Шакупова: – Есмұхан Долайұлы сіз 1980-1982 жылдары Кеңес әскері  қатарында болғанда миллиондаған халқы бар Ленинград қаласының маңында  АЭС салуға қатысқандардың бірісіз. Сол жөнінде қысқаша әңгімелеп берсеңіз. Аталған қуат көзінің тиімділігі неде деп ойлайсыз? 

АЭС салуға қатысушы  Есмұхан Жанизин: – Жаңа өзіңіз айтқандай 1980-1982  жылдары әскерге барғанда құрылыс батальонында Ленинград қаласынан 80 шақырым жерде  АЭС салуға қатыстық. Фин шығанағы жағасында, Ленинград облысына қарайтын орман арасында  Сосновый бор деген жабық қала болды. Үйге хат жазғанда қаланың аты аталмайды. Салынып біткеннен кейін біздің ЛАЭС-2 деген атом электр стансасына ауыстырды. Сонда естігенім Ленинград АЭС-і 4 миллион квт қуат береді дейді. 48 жігіт бардық. Ресейдің үлкен қаласы 80 шақырым жерден осындай станса салып отыр. Зияны болса олай етпес еді. Он жылдан кейін Қошалақтың бір қара баласы сонда болғанда әлі жұмыс жасап тұрғанын көріпті. Біз өткенге емес, алға қарап, заман талабына сай жүруіміз қажет. 
Модератор Айнагүл Шакупова: – Ақпараттарға сүйенсек, қазіргі күні әлемде 415  АЭС жұмыс жасап тұрса, тағы 59-ы салыну үстінде. Мысалы, кішкене ғана ел, озық дамыған Оңтүстік Кореяда  екі бірдей АЭС бар. Халқы тығыз орналасқан шағын мемлекет осындай қадамға барса, демек, бүгінгі атом стансаларынан қауіп жоқтығынан шығар. Десек те бүгінде елімізде АЭС салуға қарсылар да, қолдаушылар да бар. Біріншілері Чернобыль, Фукасимо атом стансаларында болған апаттарды алға тартып алаңдаушылық білдіреді. Қолдаушылар қазіргі цифрландыруға көшкен уақытта заманауи технологияларға негізделген атом электр стансаларында адам факторынан болған ондай апаттар орын алмайтынына сенімді. 

– Ерсұлтан  Ғалымжанұлы Чернобыль апатының зардабын жоюшы ретінде сіздің пікіріңізді тыңдағымыз келеді.

Чернобыль апатын жоюға қатысушы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерсұлтан Мәмбетов: – АЭС-тің бізге көмегі де, зардабы да бар. Тап қазір АЭС салатын заман емес деп ойлаймын. Әлемде түрлі қақтығыстар орын алып отыр. Чернобылдың зардабынан 32 мың адам қаза тапты. Атырау облысы бойынша 1700 адамнан, қалғаны 64 адам. Чернобылда біз темір бетонның балқып кеткенін көрдік. Аудан бойынша апат зардабын жоюға қатысқан 50 адамнан 14-і ғана қалып отыр. Соның бәрін ойлау керек. Бірден асығыстыққа бармай, сүзбеден өткізіп барып шешім қабылдаған дұрыс.

Құрманғазы ауданының  Құрметті азаматы Қанат Ғаббасов: – АЭС салуды 6 қазанда өтетін референдумда халық шешеді. Жиырма немесе жүз  адам қолдар. Түгелдей дауыс беруі де мүмкін. Референдумда әркім өз таңдауын жасайды. Бастысы бұл мәселе осылай халықтың талқысына салынып отыр. Біз бұл жерде өз пікірімізді айттық. Ол ешкімнің көңіліне келмейді деп ойлаймын.

Модератор Айнагүл Шакупова: – Жолдауда Президентіміз: «Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», деген болатын. Осымен бүгінгі дөңгелек үстеліміз өз мәресіне жетті, көтерілген тақырыпты түгел қамтыдық деп ойлаймын. Қатысып өз пікірлеріңізді білдіріп жатқандарыңыз үшін үлкен рахмет! 6-шы қазанда өтетін Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумға аудан тұрғындары ұйымшылдықпен  қатысып өз таңдауларын жасайды деген сенімдеміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT