Адам еңбегімен көрікті

(0 Votes)

Қарапайым еңбек адамы қызметін адал атқарса халық арасында сыйлы болатыны анық. Соның өзі бір ғанибет. Себебі, халық кімнің-кім екенін біледі. Екінің бірін құрметтей бермейді. Қызметіне сай лайықты бағалайды.

Бастысы, қандай жұмыс та қолға жұқпайды. Қажеті жоқ жұмыс та болмайды. Әлбетте, мұндай адамдар жоғары жақтан көп елене бермейтіні рас. Бірақ, бұл құрметтен ада деген сөз емес. Жұмысы жақсы болса, басшылар да сыйлайды. Қоғамда өзіндік орыны бар.

Осы бір жұқалтай келген қара торы азаматты көп адамдар таниды. «Сәке», деп бұрылып келіп, амандасады. Өзі де кім-кімге де жылыұшырай қарап, халін сұрап жатады. Кейіпкеріміз – Сыналбек Дощанов аудан әкімдігінде ұзақ уақыттан бері техникалық қызметкер болып жасайды. Бірақ, Сыналбектің әкімдіктің ішінде отырғанынан сыртта жүргені көп. Тыным таппайды. Қашан көрсең де бірдеңемен айналысып жүргені. Ол бір ғана әкімдіктің алдын тазалаумен шектеліп қалмайды. Аудан орталығындағы Құрманғазы ескерткіші тұрған алаңның мұнтаздай болып тұруына осы азаматтың қосып жүрген үлесі аз емес. Айталық, қар қалың түссе Сыналбек ертемен келіп күреуді бастайды. Тоғыз болуын, арнайы техника жетуін күтпейді. Өйткені бұл алаңмен кәрі де, жас та, бала да жүреді. Әркімнің түрлі шаруасы бар. Біреу ертемен аудан әкімдігіне, басқасы алаңда тұрған банк ғимаратына немесе өзге нысандарға бара жатады. Сондайда қалың қардан жүре алмай қиындық көрмесін дейтіні шығар. Жазда алаңның қоқып кетпеуін қадағалайды. Күйіп тұрған күнде даладан көресің. Мен істеп жатырмын, ешкім жұмысымды бағаламайды деп ренжу жоқ. Қашан да жүзі жарқын. Шөптің басын сындырғанына да күйіп-пісіп, соны тегін жасап жүргендей жаны қиналатындар бар ғой. Қар кері жауса, бәрін қайтадан басынан бастайды.

Жақында аудан әкімдігі аппаратының басшысы Қайрат Бөлеков мерейлі жасына орай жұбайы Шолпанмен бірге қабылдап құрмет көрсеткенде қатты толқыды. Қарапайым еңбек адамының да еленетінін көрді. Шын жүректен риза болды. Жұмысқа жақсы, сөзге сараң екенін ұқтық. Аппарат басшысы Қайрат Қуандықұлы бізбен әңгімесінде: «Сыналбек Мусаұлын өздеріңіз жақсы білесіздер, арамызда жүрген еңбекқор әріптесіміз. Көп елене бермейтін еңбек адамы! Біздер лауазымды қызметте жүргендер, қарапайым жұмысты атқаратындар, кім болсақ та адами қадір-қасиетіміз жағынан бәріміз де бірдейміз. Әрқайсымыз өзімізге тапсырылған жұмысты атқарып, ортақ іске үлесімізді қосамыз. Қарапайым қызметте жүрсе де Сыналбек Мусаұлы ұзақ жылдар бойы аудан әкімдігінде адал қызмет етіп, ұжымның және достарының құрметіне бөленген азамат», деген еді.

Сыналбекке қарап отырып, адам еңбегімен көрікті екеніне көзіміз жете түседі. Бастысы қандай жұмысты жасауда емес, қалай жасауда ғой. Әр саланың өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Бірақ, қандай жұмыс та абырой мен ырыздық-несібесін сыйлайды.

Қанат ҒҰМАРОВ

#EnbekEri

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521