Адал адамнан ғана мінсіз бедел қалыптасады

(0 Votes)

Ұлттық құрылтай – елдің  келешегін айқындайтын ең басты қоғамдық диалог алаңы. Онда «Адал адам, адал азамат, адал табыс» қағидалары қазіргі қоғамның рухани және кәсіби жаңғыруының негізі екені атап өтілді.

Жалпыұлттық ұғымдарды адалдықты, әділдік  пен ашықтықты насихаттайтын, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ететін – Әдеп жөніндегі уәкіл. Осыған орай мен Құрманғазы ауданындағы Әдеп жөніндегі уәкіл, аудан әкімі аппаратының басшысы Ердешов Данияр Әдебиетұлы ағамызбен сұхбат құрып, Ұлттық құрылтайда көтерген қағидаттар бойынша сөз қозғағанды жөн көрдім.

– Данияр Әдебиетұлы, жалпы әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функциялары қандай?

– Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеттері — мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларды сақтауына бағытталған алдын алу жұмыстарын жүргізу, кеңес беру, түсіндіру, ұжымдағы моральдық ахуалды бақылау және туындаған этикалық жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға көмектесу. Сонымен қатар уәкіл қызметкерлерге құқықтық-этикалық қолдау көрсетіп, олардың қоғаммен мәдени, дұрыс қарым-қатынас қалыптастыруына ықпал етеді. Басты мақсат — мемлекеттік қызметтің беделін көтеру.

Ұлттық Құрылтайда көтерілген «Адал азамат» ұғымын қалай түсінесіз? Мемлекеттік қызметкерлерге ең алдымен қандай адами қасиет қажет?

– Президентіміз айтқан «Адал азамат» — бұл шыншыл, еңбекқор, өз сөзіне берік, қоғам алдындағы борышы мен жауапкершілікті сезінетін тұлға. Мемлекеттік қызметшіге ең алдымен адалдық, әділдік, жауапкершілік қажет деп ойлаймын. Атқаратын қызметтің деңгейі емес, адамдық болмысы маңызды. Қандай шешім қабылдаса да, жеке пайдасын емес, қоғам мүддесін бірінші орынға қоятын азамат — нағыз «адал азамат»  Адал адамнан ғана мінсіз бедел қалыптасады.

- Президентіміз мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейіп отырғанын атап өтті. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Бұл — уақыт талабы. Халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімі — мемлекеттің тұрақтылығының негізі.

Президент кәсібилік, адалдық, ашықтық, жеделдік, жауапкершілік стандарттарын күшейтуді үнемі айтып келеді. Демек, мемлекеттік қызметші бұрынғыдан да жоғары мәдениет, жоғары дайындық, жоғары тәртіп көрсетуі керек.Қызметтегі әрбір әрекет, әрбір шешім заңға сай, ашық, адал болуы шарт.Осының бәрі — қоғам игілігі үшін жасалып жатқан өзгерістер.

Адал мемлекеттік қызметші:

-қызметтік өкілеттігін жеке пайдасына қолданбайды;

-азаматтың мәселесіне бей-жай қарамайды;

-біреуді алаламай, шешімді әділ қабылдайды;

-құжатты бұрмаламай, уақытында орындайды;

-алған міндетіне жауапты қарайды;

-Адалдық — кішкентай әрекеттерден басталады.

- Президент атаған “Мінсіз бедел” ұғымын сіз қалай түсінесіз?

-“Мінсіз бедел” — бұл мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейі мен жеке қасиетін халықтың сеніміне лайық ұстауы. Бұл — лауазымға ғана байланысты емес, адамның мінезіне, әдебіне, қоғаммен қарым-қатынасына тікелей қатысты. Мінсіз бедел — адалдықтың, ашықтықтың, қарапайымдылықтың, біліктіліктің жиынтығы. Яғни, қадірлі болу үшін — қызмет мінсіз емес, адам мінсіз болуға ұмтылуы тиіс.

- Қызмет сапасын арттыру үшін қандай жаңа талаптар немесе рәсімдер енгізілді?

Қазіргі кезде бірнеше маңызды өзгерістер енгізілді:

-Қызмет көрсету процестерін толық цифрландыру;

-Электронды құжат айналымын кеңейту;

-Ашықтықты қамтамасыз ететін бақылау жүйелерінің енгізілуі;

-Жауап беру мерзімдерінің қысқаруы;

-Қызмет сапасын бағалау тетіктерінің жаңаруы;

-Халықпен кері байланысты нығайту.

Бұл реформалар мемлекеттік аппараттың беделін арттыруға тікелей әсер етеді.

-Ауылға жас мамандарды тарту үшін қандай бағдарламалар жүзеге асуда? Жас қызметкерлерге қандай кеңес бересіз?

-Қазіргі уақытта “Дипломмен – ауылға”, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары, көтерме ақы, жеңілдетілген несие сияқты қолдаулар бар. Бұл жастарды ауылға тартуға үлкен мүмкіндік.

Бұдан бөлек, осы жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде үздік аяқтаған жастарға мемлекеттік қызметтегі төменгі тұрған лауазымдарға конкурссыз өтуге, ваканттық орындарға үйден шықпастан онлайн конкурстарға түсуге үлкен мүмкіндіктер берілді.

Жас қызметкерлерге кеңесім:
— алғашқы қадамнан қорықпау,
— тәжірибе жинауға ұмтылу,
— жауапкершілікті сезіну,
— ортаға сіңісу,
— ең бастысы, өз ісіңді адал орындау.

- Сөз соңында айтарыңыз?

Ең бастысы — халықтың сенімін жоғалтпау. Қандай қызмет атқарсақ та, өз ісімізге адал болу — азаматтық міндет. Мінсіз бедел — үлкен атақ емес, ол — күнделікті қарапайым еңбектің нәтижесі. Бірлік, еңбек және адалдық болса, біздің қоғам да, мемлекет те дамиды.

Азамат Ғазиз,

жас тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT