Абзалдың қарбыздары балдай тәтті

(0 Votes)

Байда ауылдық округінің тұрғыны Абзал Ниязов 12 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Бұл істе хабары мол. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт биыл індет қыспаққа алғанда кейбір азаматтарға ұқсап: «Жұмыссыз қалдым», демей, қиыннан қиыстырып жол тауыпты. Яғни, егін өсіруге бет бұрған. Егіншілік сияқты ауыртпалығы мол кәсіпке бет бұрудың өзі бүгінгі заманда ерлікке, қайсарлыққа пара-пар. Әркім өзінің ауласында дастарханына қояр азын-шоғын көкөніс өсірер. Алайда жүздеген гектарлап егіп, елді азық-түлікпен қамтуға екінің бірі бармайды. «Ол өссе жақсы. Суару үшін моторға жанармай керек. Адам жалдау тағы бар. Одан да дайын нәрсені әкеліп сата салғаным артық емес пе?», дері хақ. Абзал болса «Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің», деп округтің «Кішкене төбе» атты жерінен бес жүз гектар жер алған. Оны отбасы мүшелерімен бірігіп егінге толтырған. Жаға бойындағы теңкиген қарбыздар аспандағы жұлдыздардай жыпырлайды. Араларымен жіңішке пластмасса құбырлар жүргізілген.

img_3042

– Сәуірдің 15-інде егін салуды бастадық. Қарбыз, қауын, қияр, қызан, картоп, асқабақ ектік. Басым бөлігі қарбыз бен қауын. Қарбыздың «Продюсер», «Талисман», қауыннан «Колхозница», «Эфиопка», қиярдан «Феникс», қызаннан «Волгоградское» сияқты түрлері өсуде. Қияр күнде жиналады. Себебі қалып қойса босап кетеді. Су үш шақырымдай жерде. Сол кішкене қинайды. Өзім он адамды жұмыспен қамтыдым. Жалдамалы жұмысшыларды қосқанда жиырма-отыз адам келеді. Оларды арнайы шақыртамыз. Өзім де отбасыммен, бала-шағаммен шығамын. Өнімдерімізді дүкендерден келіп көлікке тиеп әкетеді. Ешқандай шағым жоқ. «Фейзбукке», басқа да әлеуметтік желілерге жазып қойдым, содан көріп келеді. Су жағынан қиындық көрген соң тамшылатып суаруға көштік. Мотордың жанармайын, шлангілерін сатып алып отырмыз. Өнім өтсе шыққан шығынымызды жабамыз деген ойдамыз, - дейді Абзал Ниязов.

img_3045

Қарбыздың біреуін жарып ауыз тигізді. Шылқытып суарып жатпаса да дәмі бал татиды. Округ әкімі Жүсіп Төреғалиев: – Суару қиын болса да арзан сатып, елге пайдасын тигізіп жүрген азамат. Егер қарбызды басқа жерден әкелсе оған біраз уақыт пен шығын кетеді. Әрі дәмі де өзің өсіргендей болмайды. Ауылымызда Одақ тарағаннан бері қарбыз егіліп тұрғаны, - дейді кәсіпкерге қолдау білдіріп.

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521