2021 жылдың 26 қарашасында Атырау облысы бойынша «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімдерінде газет-журналға жазылу науқанына арналған «Абонент күні» акциясы өткізілуде.
Аудандық пошта байланысы торабының орталық операциялық учаске залында ұйымдастырылған шараға тұрғындар белсенді түрде қатысты. Жазылушыларды ақ бауырсақ, ыстық ықыласпен күтіп алған пошта қызметкерлері оларды ынталандыру мақсатында жылдам ұтысты лотореяны да ойнатты. Алғаш болып «Атырау» және «Серпер» газеттеріне жазылған Құрманғазы ауылының тұрғыны Хиуаз Шамбузова лотореяда да бағын сынап ұтысқа ие болды.
Акцияға Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса қарамағындағы қызметкерлерімен келіп, белсенділік танытты. Тұрғындар да өздері қалаған мерзімдік басылымдарға жазылып, шараға атсалысты. Акция барысында республикалық «Егемен Қазақстан», «Кахзахстанская правда» және облыстық «Атырау» газеттеріне тұтастай бір жылға жазылған оқырмандарға арнайы бағалы сыйлық табысталатын болады. Шара кешкі 18-00-ге дейін жалғасады.
Айбек МЕЙІРМАН