Абай жолы – хақ жолы

(0 Votes)

Бұл жалғаннан кім қалыпты құламай,

Біреуден жоқ, ал біреуден мұра бай.

Бұл заманда көбейгенмен ұлылар,

Ел білетін жалғыз дана ұлы Абай.

Жаралмай ақ, жарылмай ақ намыстан,

Арпалыспай болғандар көп арыстан.

Кеуде соққан данышпандар қанша ма,

Халық білер жалғыз Абай данышпан.

Өзін қояр жер таппасын тойшылың,

Ондайлардан бой созар ма, ой-шыбық.

Абай ғана түпсіз терең шыңырау,

Абай ғана ойшылдардың – ойшылы.

Көз алдыңда тартылғандай ақ айдын,

Асылдары көне тартты талайдың.

Бүгін шыққан заңдар ертең өзгерсе,

«Қара сөзі» өзгермейді Абайдың.

Қазағым деп қайғы ойлаған жаны гүл,

Келешекті тап басумен танымы.

Абай ғана заманының заңғары,

Абай ғана алыптардың алыбы.

Ілім – білім сусағаны, қанбады,

Ғылым тілі болды жалғыз шанғаны.

Халқыменен бірге жасап асылы,

Асылына түскен емес, шаң дағы.

Абайың бар, алтын ба екен, алтының,

Қайғырумен қамын соқты халқының.

Ел уайымы жиі басып еңсесін,

Жылымады қабағының салқыны.

Абайың бар, асыл ма екен, асылың,

Қазағым деп қайғы ойлаған хас ұлың.

Жанын оның қарайтқаны сезілер,

Өз кезінің масылы мен тасыры.

Шалыс бассаң Ұлы Абайдан үлгі – ем мың,

Ісі оң болар жолыменен жүргеннің.

«Қара сөзі» қайғы бермес құдірет,

Хақ жолындай қадірлері ес білгеннің.

Абай – ілім таңсық болған талайға,

Ала білсең адастырмас ар-айна.

Қай халық та ғұламасыз емес те,

Жол береді, бір ақ ұлы Абайға.

Қазағы үшін туып кеткен бір асыл,

Халқына айтпас қалды ма екен, сірә сыр.

Түгел білдім дейтін болсақ, күпірлік,

Қанша алсаң да таусылмайды мұрасы.

Жан суарар дүние – жел, жалай жеп,

Тілін алсақ, бастан ауар талай кеп.

Кәусарына құныға бас қойған шақ,

Жаһан жұрты Абай, Абай, Абай деп.

Тегі бірге айтпаймыз да текке сын,

Мұны қайтсін санаға гүл екпесім.

Өзі айтқандай біз той – тойлап жүргенде,

Патенттеп біреу алып кетпесін.

Ілімінен дәмді емес бал, шекер,

Зейін қойсаң түн тез өтіп, таң жетер,

Біздегіден біраз үлес берілді,

Абайымыз өзімізде қалса екен!

Абай, Абай, Абай дана, Абай жыр,

Абайды оқып, абайлайды талай дүр.

Абай деген дариясы ақылдың,

Абайыңмен мақтанбайсың қалай бір.

Қазағына оны берген Ұлы Ана,

Олжа салған мәңгі өлмейтін мұраңа.

Осы күннің жол-жобасын сызған ол,

Абай дана, теңдессіз ол ғұлама.

Қазағым деп қайғы ойлады, мұң кешті,

Қалдыр деді надандықты, күнді ескі.

Құм астынан аршып алған алтындай,

Күллі дүние Абай дейтін күн жетті.

Бүгініңе Абай таңғы арай нұр,

Бұлақтайын лекіп ақты Абай жыр.

Ескерткіш боп естеріне ой салып,

Талай елдің көшесінде Абай тұр.

Қадірлеуді айтқан да ол уақытты,

Уағызы оның сөнбес сәуле шашып тұр.

Тәуелсіздік Туын тіккен туған ел,

Абайымен алабөтен бақытты.

Жасай берер бұру бермес ақ жолы,

Тас мүсінге жан біткендей мәз болып,

Мәңгілік ел көшін өзі бастауда,

Абай жолы адастырмас – хақ жолы!

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521