«Абай оқуларында» бақ сынады

(0 Votes)

Мақаш ауылдық округіндегі Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Абай оқулары» байқауының аудандық кезеңі өтті. Аталған байқауға жеті мектептің оқушылары қатысты. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова байқауды ашып, мақсатын, әділқазылар алқасы құрамымен таныстырды.

Байқаудың «Абайдың асыл мұрасы», «Абайдың ақын шәкірттері»  атты бірінші және екінші кезеңдерінде қатысушылар ақынның өлеңдері мен қара сөздерін, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқудан сынға түсті. «Әнді сүйсең менше сүй» атты үшінші кезеңінде Абай, Ақылбай, Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындауы тиіс болды. Төртінші «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» кезеңінде жас ақындар «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ғылым таппай мақтанба» атты тақырыптарға өлең шығарды. «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» атты бесінші кезеңінде  Абай туралы көркем шығармаларға  талдау жасады. Қатысушыларға «Абай жолы» роман эпопеясынан, «Абайдың жұмбағы», «Абайдан соң» романдарынан сұрақтар қойылды.

Сайыс қорытындысымен бірінші кезең бойынша Милана Өсербай (Шортанбай) ІІІ орын алды. «Абайдың ақын шәкірттері» бойынша Абай мектебінің 9 сынып оқушысы Асылым Еркін жеңімпаз деп атанды. «Әнді сүйсең менше сүй» кезеңінен Ақбөбек Ғалымжан (Ә.Сәрсенбаев) екінші, Айнагүл Алтынбекқызы (Нұржау) ІІІ орынға лайық деп танылды. Яна Өтебаева (Абай) мен Әлия Елтай (Бегалиев) Алғыс хатпен ұлықталды. Өлең жазудан ІІ орын Нұрай Жолмұханбетова (Еңбекші), ІІІ орын Нұрсая Бекболат (Д.Нұрпейісова), Тұрар Закир (Ә.Сәрсенбаев), Аружан Айтжановаға (Бегалиев) тиді. Абай туралы көркем шығармаларға талдау жасағандардан Мәдина Құзайырова (Бегалиев) бірінші, Нұрайна Таңатар (Абай) екінші, Аружан Әнесова (Нұржау) үшінші орын иеленді. Шараны қорытындылаған аудандық білім беру бөлімінің әдіскері, әділқазылар алқасының төрайымы Айжамал Арыстанова осы үш оқушының байқауға жақсы дайындықпен келгенін ерекше атап өтті.

Барлық қатысушыларға дипломдар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT