Абай мектебіндегі алғашқы қоңырау салтанаты

(0 Votes)

Абай атындағы жалпы орта мектептегі салтанатты шара айбынды Әнұранымыздың орындалуымен басталды.

Алғашқы сөз алған мектеп директоры Жамал Хасанова былтырғы жылы білім шаңырағынан қияға қанаттарын қаққан 49 түлектің 20-ы мемлекеттік грантты иеленгенін, мектепке жаңа оқу жылында 1125 оқушы қабылданғанын, бірінші сынып 6 сыныпқа бөлінгенін қаперге беріп, барша шәкірттердің жаңа қадамына сәттілік тіледі. Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жетек Шайхиев ұстаздар мен шәкірттерге ақжарма тілегін жеткізіп, түрлі байқауларда топ жарған мұғалімдер мен оқушыларға дипломдар мен медальдар табыстады.

Ортаға бүлдіршіндерге Білім кілтін, Әліппе оқулығын. Спорт кубогын, Өнер кілтін тапсыруға оқу үздіктері Батырғали Шұғыла, Марданова Асылай, мектеп спортшысы Берікқали Бекзат, Ахмет Мәншүк, оларды қабылдап алуға 1 сынып бүлдіршіндері Райымбекқызы Кәусар, Сираж Азиза, Махуов Баймұрат, Бекболат Айша шақырылды. Алдағы оқу жылында мектеп жанынан ұйымдастырылатын «Табысты оқушы», «Табысты ұстаз», «Белсенді ата-ана» номинацияларының жүлделері таныстырылды. Бұдан кейін алғаш мектеп табалдырығын аттағалы тұрған балдырғандардың әдеби монтажы ұсынылды. Салтанатты шара шалқыған ән, жүректі тербер жыр жолдарымен жалғасын тапты.

1 сыныпқа келген балақайлар күміс қоңырауды күмбірлете соққаннан кейін, бүлдіршіндерді мектепке кіргізу үшін лента қию рәсіміне мектеп директоры Жамал Хасанова мен жас балдырған Амантай Нұрасыл шақырылды.

Оқушылар өз сыныптарында «Мектебім – мейірім мекені» атты білім күнінің алғашқы сабағына қатысты.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT