Абай қазақтың болмысы

(0 Votes)

Қазақ елі Тәуелсіздігінің басында тұрған, жаңа Қазақстанды қалыптастырған тұлға, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын оқып шықтым. Әлем мойындаған данышпан ақынымызды ескі мен жаңаның басын жалғаған алтын көпірге теңегені өте орынды деп есептеймін. «Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дер», деп текке айтылмаған ғой.

ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Абайдың жүрегі қазағым деп соғып, «бір ұрты май, бір ұрты қан болған» қараңғы халқын өркениет көшіне сүйреймін деп мыңмен жалғыз алысты. Ал, одан кейінгі ғасырдың ортасында өмірге келген қазақтың тағы бір ұлы Абайдың сол арманын орындап, елін күллі жаһанға танытты. Иә, Елбасымыз айтқандай орыстар Пушкинмен, ағылшындар Шекспирмен, немістер Гетемен мақтанса, біздің де олармен тең қояр тұлғамыз осы – Абай. Қайсысынан да кем түспейді.

Ұлттың ұлы ақынының тәрбие мен өнегеге толы қара сөздерімен талай ұрпақ ержетті. Исламның кітабы Құран болса, қазақ тәрбиесінің қайнары Абайдың өлеңдері мен қара сөздері. Біз де оқып, тағылым алдық, кейінгі ұрпақ та солай етеді. Себебі ол қазақтың болмысының көрінісі. Елбасымыз да бұдан шет қалмағанын мақаладағы: «Осыған орай «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте, ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын. Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым», - деген сөздерінен айқын аңғарамыз.

Жалпы бұл мақаланы жазушы ретінде бүгінгі жас буынға, кейінгі ұрпаққа туғанына 175 жыл толғалы отырған ұлы Абай туралы айтары мол, берер тәлімі зор туынды ретінде бағалаймын. Әлем мойындаған бір туар данышпанымызды осылай ұлығылау елдігіміздің айқын белгісі. Ұлыларын ұлықтаған ұлтттың болашағы қашанда жарқын болары анық. Мақаланы оқып шыққан барша қазақстандықтар осындай пікірде болады деген сенімдемін.

Өмірзақ Қажымғалиев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521