Абай аманатына адал болған Елбасы

(0 Votes)

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласын тұшынып оқып, көңіліме көп ойлар түйдім. Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде Абай Құнанбайұлын Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына теңеп, зор бағасын берген.

Алмағайып заманда жаңа елдің іргесін қалау міндеті жүктелгенде ұлы хәкімнің өсиет-сөздерінен қуат алып, болашаққа жарқын көзқараспен қарағанын да жасырмаған.

Мектеп жасында адамгершілік, оқу, ғылым, табиғат тақырыбындағы өлеңдерін жаттап, билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегу хикаясы да жанға жылылық сыйлар естелігінің бірі екен. Тәуелсіздікті жарияламас бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы жаһандық деңгейдегі шешім қабылдануына тікелей әсер еткен Елбасымыздың кемеңгерлігі екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. Асқан ойшылдың туған жеріне деген жанашырлықтан бастау алған көсбасшылық қасиет ел үшін талай тарихи маңызды істерді де жүзеге асыруға себепші болды. Бір ғана мысал: бар әлем таңдай қағатын айшықты Астанамыздың бой көтеріп, оның төсінде тәуелсіз ел ұрпақтары алшаң басып жүр. Н.Назарбаев Абайдың қандастары бақытты өмір сүріп, еңсесі биіктеуіне мұрындық болғанына шүкіршілік қылады.

Сондай-ақ, тұңғыш Президентіміз адамзаттың асқарын ұлықтау, рухани бай мұрасын дәріптеу аясында көптеген игі бастамалар көтеріп, күні бүгінде жалғасын табуда. Салтанатты іс-шаралар алыс-жақын шет елдерде де дүркіреп өтіп, қазақ ақынының аты дүние-жүзіне жайылды. Биыл Абайдың 175 жылдығы бүкіл мемлекетке зардабын тигізген короновирус індетімен тұспа-тұс келгеніне қынжылысын айтқан Елбасымыз бұл уақытша қиындықты еңсеруде бірлігімізді жоғалтпаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген ұлт мақтанышының мәні бөлек нақылына сүйеніп, еліміздің одан әрі көркейеріне кәміл сенімін білдірді. Абай аманатына адал болған Елбасымызға Алты Алаштың айтар алғысы қашан да зор.

Төлеп Өтеулиев,

Еңбек ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521