Адам өмірі үшін күрестің алғы шебінде жүріп, Гиппократ антына адалдығынан таймай, уақытпен санаспай еңбек етіп, дертке шалдыққан талай жандарды сауықтырып, алғысына бөленген медицина саласы қызметкерлері күніне орай С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ақ халатты абзал жандар – асылым» атты салтанатты шара өтті.
Аудан әкімі Қайрат Талапұлы Нұртаев сала ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап: – Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Халық денсаулығы ол Қазақстанның стратегиялық мақсаттарға жетудегі бағытының құрамдас бөлігі», деп атап көрсеткен болатын.
Біздің ұлттық құндылығымыз баға жетпес адам өмірін сақтауда, олардың толыққанды еңбек етуі, шығармашылықпен айналысуы, қоғамның белсенді мүшесі болып табыла білуі жолында сіздердің атқарып отырған істеріңіздің маңызы зор.
Сіздер ауданымыздың мерейін үстем етіп, жерлестеріміздің денсаулығын нығайтып, оны сақтауға зор үлес қосудасыздар. Ақ халатты абзал жан ретінде әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, жігерлерін жандандырып келесіздер. Қай кезде ақ көңіл мен мейірімді жүректеріңіз, епті қолдарыңыз адамдардың көкейіне сенім ұялатады.
Заман талабына орай алдарыңызда үлкен мемлекеттік және қоғамдық аса жауапты міндеттер тұр. Бұл бағытта істелетін жұмыстарды қысқаша тұжырымдасақ ол – медициналық қызмет көрсету сапасын, денсаулық сақтау саласының жоғары технологиясын жақсарту болып белгіленген.
Осы орайда біздің ауданымызда да жылма-жыл жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Адам денсаулығын сақтаудағы адал еңбектеріңіз үшін сіздерге алғысымды білдіремін, - деп «Алтын дәрігер» төсбелгісін Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының емхана меңгерушісі Маргарита Қазиеваға, «Мейірім» төсбелгісін Шортанбай дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Гүлнар Жанхановаға, аудан әкімінің алғыс хатын сала ардагері Зәмзам Оразоваға, медицина қызметкерлері Қажымұрат Түсалиевке, Тілекші Балапановаға, Бейбіт Қанатовқа, Жұлдыз Меңдіғалиеваға, Анара Лұқпановаға, Айжан Жәнібековаға табыс етті.
Қ.Ғұмаров