Қоқыс контейнері арасында қалдықпен күн көретін бұралқы иттер жұқпалы ауру тасымалдайтынын, құтырған уақытында адамға шауып, ақыры қайғылы оқиғамен аяқталған жағдаяттарды естіп жүрміз.
Мен тұратын Үлкен Ганюшкино ауылында да кезбе жануарлар әр бұрышта өріп жүр. Қазір мектептер оқу жылының ІІ-жартыжылдығына көшті. Балаларымыз білім ошағына жаяу қатынайды. Сабаққа таңертең баратын, кешке қайтатын уақыттарында айнала қараңғы боп тұрады. Түнгі жарық та бір көшеде бар, бірінде жоқ. Соған сай, мектептен қайтар жолдағы көшеде иесіз қаңғыған иттер босып жүр. Жазда далалықта жемтігін тауып жүрген кезбелер, қыс түскенде ауыл арасына тіміскіленіп келді. Қолға үйренбеген даланың жабайысы балаларымызды талап жазым ете ме деп алаңдаймын. Жастан бөлек үлкендер де бұл маңда еркін жүруден қалдық. Ал, ветеринарларға хабарласақ, халықтан өтініш түспесе оларды жоюға құқығының жоқтығын айтады. Себебі, интернеттің дамыған заманында ит-мысықтың жанашырлары шу көтеріп, жұмысына кедергі келтіріп, түрлі видеолар жүктейді екен. Сондықтан тұрғынның уәжін күтуге мәжбүр. «Ит – адамның досы». Бірақ, үй мен малды қарауылдайтын серігімізден дүниемізді емес, өзімізді қорғап әлекке салынып жүрміз. Бүгінгі қоғамда итті ату қатыгездік саналса, оларды арнайы орынға жинап, чиптеу, тазарту, егу, піштіру сынды процедураларын жасайтын еріктілер не солардың қолдаушылары табылмас па екен?
Ерболат Бисенғалиев, Үлкен Ганюшкино ауылының тұрғыны