Қаңтар қасіреті енді қайталанбасын

(0 Votes)
https://qazaqadebieti.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысты «Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.

Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз. Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр», деген болатын. Қасіретті қаңтарда елде тұрақтылық пен бірлік болмағанда, біз егемендігімізден айырылатын едік. Бұл болашақ ұрпаққа үлкен сабақ болуы тиіс.
Биылғы Мәжілістің алғашқы отырысының аталған оқиғаға арналуы депутаттық сауалдың нәтижесі және Қаңтар оқиғасына 1 жыл толуына орай қоғам тарапынан сұрақтарға жауап деп санаймын. Бас прокурор мен Ішкі істер министрлігінің мәлімдемелеріне көз салсақ, тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр. Мәжілісте Бас прокурор Берік Асыловтың тарапынан болған мәлімдемелерден қаңтардағы қанды оқиғаның алдын ала сызылған жоспар бойынша жүргізілгенін көріп отырмыз. Әділ талап қойып наразылыққа шыққан отандастарымыздың бейбіт шеруін, өкінішке орай, арандатушылар мен содырлар, қылмыскерлер мен тонаушылар, бұзақылар өз мақсаттарына пайдаланып кеткен. Астыртын алдын-ала дайындалған арам пиғылды топтар Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларында тұрғындарды, әсіресе жастарды жаппай тәртіпсіздікке шақырып, жергілікті әкімдіктерді, партия, құқық қорғау органдарының ғимараттарын, автокөліктерін талқандап өртеп жіберген. Алматының өзінде қаншама адам әлдекімдердің жеке басының мүддесі үшін жазықсыз қаза болды немесе сотталды. Сол сындарлы сәтте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл шешімдер қабылдауы арқылы елдігімізді сақтап қалғанын жоғары бағалаймын. Бар нәрсені бүлдіру қашан да оңай. Еліміз алдына Жаңа Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсартуды басты мақсат етіп қойып отырғанын ұмытпайық. Құдай бізге сана берді. «Іштен шыққан жау жаман» демей ме бабаларымыз. Былтырғы қаңтар сол сөздің растығын дәлелдеді емес пе?! Билік пен халық екі бөлек нәрсе емес. Қазіргі біз көріп жатырған игіліктің бәрін басқа жақтан келіп жасап беріп жатырған жоқ. Ол биліктің жұмысының нәтижесі. «Мәскеу бір күнде тұрған жоқ», дегендей, алға қойылған мақсат-мұраттың бәріне де ауызбіршілікпен жетуге болады. Қаңтар қасіреті енді қайталанбасын, қанатымыз қайырылмасын, жар азаматынан айырылмасын, амандықта болайық.

Өмірзақ Қажымғалиев, академик-жазушы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521