Ақкөлде жаңа балабақша ашылды

(1 Vote)

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен 100% қамтамасыз етілуі тиістігін айтқан болатын.

Аталмыш мәселені жолға қою бағытындағы іргелі істер аймағымызда сәтті жүзеге асырылып келеді. Оның нақты айғағының бірі – Ақкөл ауылдық округінде жаңадан 290 орындық «Нұрай» бөбекжай балабақшасының пайдалануға берілуі еді. Бұл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 25 жылдан бері бүлдіршіндерін көрші ауылдардағы балабақшаларға тасымалдап, мектепте ашылған шағын орталықтарға беруге мәжбүр болған ауыл тұрғындарының мерейін көкке көтерді.

balabasha-akl2

Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев:

- Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында егемен ел ретінде еңсемізді тіктеп, алпауыт елдермен шекарамызды бекітіп, атағымыз әлемге жайылды. Мемлекетімізді дамыту мақсатында бірқатар маңызды бастамалар көтерілуде. Соның игілігін Ақкөл ауылдық округі де көріп отыр. Атап айтсақ, осыған дейін округте денешынықтыру кешені бой көтерді. Ауыз су жүйесі тартылып жатыр, келесі жылдан бастап жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Одан бөлек жарықты қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бөбектерге есігін айқара ашқан балабақша да – көпшіліктің көптен күткен қуанышы. Бұл нысан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен «Каспий Құбыр Косорциуымы» Акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынды. 3-6 жас арасындағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құраса, ал, 1-6 жас арасындағы балаларды балабақшамен қамтуды 68%-дан 75%-ға жеткізгелі отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыс орындарын ашу, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша осы балабақшада 76 адам қызметке орналастырылды. Жаңа балабақша балғындардың бақытты сәттеріне ғана себепші болсын,-деді.

balabasha-akl

balabasha-akl-3

Салтанатты шарада тілектер жазылған ленталар байланған шарлар аспанға ұшырылды. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбубәкәр Шәмбілұлы, ардагер ұстаз Талғат Ғаділбекұлы ауылдастар атынан жылы лебізін жеткізсе, ардагер теміржолшы Кеңес Аймурзаев ақ батасын берді. Өнерпаздар мың бұрала би билеп, әннен шашу шашты.

balabasha-akl-4

Балабақша құрылысын жүргізген мердігер мекеме басшысы Нұргүл Дүйсенбайқызы жүрекжарды сөзін арнап, нысан кілтін аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға табыстады. Нысан алдында керілген лентаны аудан әкімі Қайрат Нұртаев пен ауыл ардагері Талғат Ғаділбекұлы қиды. Мемлекеттік талапқа сай жабдықталған балабақша меңгерушісі Күлжиян Темирешова қонақтарға оның ішін аралатып, материалдық базасымен таныстырды.

balabasha-akl-5

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521