Ақкөлде инфрақұрылым жаңарады

(0 Votes)

Халық санынан аудан бойынша екінші орын алатын Ақкөлдің қазіргі таңда 6000-ға жуық тұрғыны бар. Мұндай көрсеткішпен қоса, аядай ауылда бірқатар мәселелер де кездеседі.

Округ әкімі лауазымына шілде айында өткен демократиялы сайлауда тұрғындар Әлімбай Әбдірахманға сенім білдіріп, өз таңдауын жасаған еді. Жаңа басшымен сұхбат барысында,  Ақкөлдің игілігіне жасалып жатқан жұмыстармен де танысып, бірқатар еңбектің атқарылу үстінде екенін байқадық. Осы ретте, Ақкөлдің оңды өзгерісін сіз де оқи отырыңыз, құрметті оқырман!

- Әлімбай Насихатұлы, қазіргі Ақкөл ауылдық округіндегі ахуал қандай? Халықтың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік жағдайы туралы айтып өтсеңіз...

- Ақкөл ауылының басқа елді мекендерден қызмет көрсету бағытындағы өзіндік ерекшеліктерін атап өткеніміз орынды. Ауылда 33 көп қабатты үй, 24 мекеме бар. Басқа жұмыстарды айтпағанның өзінде осы нысандарды уақытылы сумен қамтамасыз ету, көп жылдар жаңартылмаған кәріз жүйесі арқылы пайдаланылған қалдық суды тоқтаусыз алып отыру, оны қамтамасыз ететін мекемелердің ескірген техникалық базасын мезгілінде жаңартып, қалыпқа сай жұмыс істету – үлкен мәселелердің бірі де бірегейі. Бүгінгі  таңда қай өңірді алсаңыз, өзекті проблема – жұмыссыздық. Осы ретте, округ халқы тұрақты және маусымдық жұмыстармен қамтылып келеді. Жыл ішінде Ақкөлде 145 адам тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіпкерлікті дамыту бағытында 11 жұмыссыз адам «Бастау бизнес» бағдарламасымен оқып, оның 9-ы 584 000 теңге қаржылы мемлекеттік грант алып, өз кәсіптерін ашса, 1 жұмыссыз адам 6 миллион теңге несие алып, өз бизнесін кеңейтті. Округ бойынша әлеуметтік көмекпен қатар қайырымдылық шаралары да үнемі ұйымдастырылып келеді. Мерекелі күндер қарсаңында мемлекеттік қызметшілер қолдауымен мүмкіндігі шектеулі және мемлекет қамқорлығындағы балаларға спорттық құралдар, тәттілер сыйлықтарын табыстау үрдісін ұстанамыз.

- Ақкөлдіктерден ауыл ішінде шашылып жатқан және  әлі күнге алаңы орналастырылмаған қоқыс алаңының иісі қолқаны қабатыны туралы шағым айтылып жүр. Бұл орынды басқа жерге көшіру жұмыстары қашан жүргізіледі?

- Сіз айтқан қызмет түрлері ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданған адамдар күшімен және округ теңгеріміндегі МТЗ-82 тракторын пайдалану арқылы жүзеге асырылуда. Бірақ, бұл жерде көптеген қиындықтар бар, олар: арнайы жабдықталған мекемесіз ол жұмысты ойдағыдай атқаруға биржа қызметкерлерінің күші жеткіліксіз, оның үстіне  тұрақты трактор жүргізушісінің жалақысы мен жанар-жағармайына қаржы қаралмаған. Дегенмен, жоқтан жонып ескі тракторды жүргізіп,  ауыл тазалығы жұмыстарын жүргізудеміз. Жалпы, қоқыс алаңын ауылдан алыстау жерге орналастыру жұмыстарын қолға алмақпыз. Бүгінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы  мекемесі арқылы құжаттары реттеліп бола келді.

 - Электр желісін жаңарту, жаңа трансформатор орнату, көше жарығы үшін электр бағандарын ауыстыру жұмыстары басталды ма?

- Аудандағы көше жарығы тартылмаған жалғыз елді мекен – Ақкөл. Шындығында, электр желілері де, олар тартылған соқалар да 50 жыл бойы ауыстырылмаған, жөндеу көрмеген. Осы жылы конкурста ұтып алған ТОО «Айкон ЛТД» мекемесі осы жұмысты бастамақ. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына бөлінген 4 517 000 теңге қаражатты ауылымыздың көше жарығына пайдаланып, тұрғындарды серпілтсек деген жоспарымыз бар.

 - Ауылішілік жолдарды төсеу жұмыстары басталды. Сапасы көңіл көншітеді ме? Ел игілігіне қашан берілмек?

- Ауыл ішілік жол құрылысы өткен жылы басталды.Тапсырыс беруші аудандық автомобиль жолдары мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі, мердігері «Бекет Сәт Жол» мекемесі. Жоба бойынша ауыл ішілік 10 щақырым автомобиль жолы және 8 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Ел игілігіне 2022 жылы беріледі деп күтілуде.

 - Тәуелсіздік жылдарынан бері Ақкөл ауылының қандай жетістіктерін тілге тиек ете аласыз?

- Тәуелсіздік жылдарынан бері Ақкөл ауылын аудан орталығымен жалғайтын қатқыл жол құрылысы қолданысқа берілді. Елді-мекендегі ауыз сумен қамтитын су тазалау ғимаратында жөндеу- жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Шағын кәсіпкерлік нысандары, 2 мейрамхана, 11 дүкен ашылды. Өндірістік кәсіпорын кірпіш зауыттары ашылып,іске қосылды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 6 жерге балалар спорттық–ойын алаңдары салынып,тұрғындар игілігін көруде. Ауылымызда еңселі «Нұрай» балалар бақшасы, салауаттылық пен шымыр денсаулықты ту етіп ұстанған ауыл тұрғындарының көзайымы болып,кәдемізге жарап тұрған әдемі спорт кешені сынды игілікті істер көп- ақ.

 - 2022 жылға қандай жоспарлар жасақталуда? Оқырманмен бөліссеңіз...

- Ия, армансыз, мақсатсыз адам, мекеме, қоғам, ел болмайды. Биылғы 2022 жылға жоспарланған жұмыстарымыз да бар: ұзақ жылдар күткен елді мекеніміздің электр желілерін жаңарту жұмыстарын бастауды қадағалау, көше жарықтарын орнату, қоқыс алаңының орнын көшіруге жұмыстану, кәріздік насостық станциясына (КНС) күрделі жөндеу жүргізу, «Өңірлерді дамыту» бойынша К.Тәкешов көшесіне балалар ойын алаңын және елді мекенді абаттандыру және көгалдандыру бойынша тұрғындар демалатын екі жерге саябақ салу жұмысын қолға алғымыз келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521