Қаһарман қызы қазақтың

(0 Votes)

        «Кәрі болса, үйіңде, жазып қойған хатпен тең» дегенді кім айтса да, халық нақылы болып кеткен дана сөз ғой. Иірген ұршықтай, тіл үйірер әңгімені әжем Жамиға ауызыма салып берді. Енді соны тандайға татитындай етіп қағазға түсіруге де аз қиналған жоқпын. Оқырманға ұғынықты болу үшін ата-әжем туралы таратып айтып берейін. Менің әжем Жамиға мейірімге мол, жасөрімге жол болған жан. Асыл сөзге ұстамды. Ал, атам Рысқалиев Сайыптың түрін түстеп, көзін көріп қалдым.

- Е-е, балам,-деп бастады әжем әңгімесін. Атаңның өзі ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ғой. 

Менің де санама саңылау кіріп, әжемнің әжім басқан жүзіне сұраулы кейіппен қараймын. Көкейіңдегіні көзіңнен білетін көненің көзі асығар емес.

- Мадинам –ау, сен сол суреттің сырына бойлап бару үшін атаң туралы анық білуің керек, құлыным-деді.

- Атаңды анық аңдығың келсе, «Ұлағаты ізгілікке ұласқан» деп аталатын мына очеркпен танысқаның абзал,-деп әкем сөзге араласты. Журналист Таңатар Дәреловтың тұщымды тілімен жазылған көлемді очеркін сол мезетте оқып шықтым. Жазбаның ұзын-ырғасы 78 жыл өмір сүрген Сайып атамның мен үшін мол ақыл иесі екенін аңғартып тұр. Жоқшылықты да, тоқшылықты да көрген атамның өмір жолының өзі бір мектеп. Тақырыбы танытып тұрғандай елі-жері үшін еткен еңбегі туралы. Оны парақтап кетсем ауытқитыныңды біліп отырмын. Десе де, мақсат майдангер туралы болған соң, атамның жауынгерлік жолына тоқталайын.

Сайып атам 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына алынады. Орал қаласындағы Одессаның соғыс –жаяу әскери училишесінде оқытылады. Бірақ әскери басшылықтың пәрменімен оқу аяқталмай қалады. 1944 жылы Мәскеуден таяқ тастам жердегі Внуково қаласына әкелініп, 7-гвардиялық әуе десанты бригадасы құрамына кірістіріледі. Бригада жау тылына әуе арқылы түсетін десантшылардан тұрады екен. Темірдей тәртіпті, әрбір соғыс тілін, қолдап ұрысу, парашютпен дұрыс секіре білу осының бәрін-меңгеру ықтияттылықты талап етті. Өйткені, бригада тікелей жояды. Қолбасшының қарауында болады.  Атам 1945 жылы маршал Толбухинның Суворов, Кутузов орденді 106-гвардиялық арнаулы бөлімнің миномет ротасында жауынгер болып ұрысқа түседі. 

Керзі етігі аяғында, автоматы иығында Венгрия, Австрия, Чехославакия жерлерін басқыншы жаудан  тазартуға атсалысады. Атамның омырауына «Отан соғысы» ордені, жауынгерлік ерлігі үшін медалі, «Венаны азат еткені үшін»  т.б. төсбелгілер ілінеді. Туған  жерге 1946 жылы оралған Сайып атамның ұстаздық үлгісі бөлек әңгіменің арқауы болар. Оған соғылмадым.

1949 жылы ұстаз күнімде атаң екеуміз отау құрдық,- деп әжем әңгімесін жалғастырды. Әріден әр, беріден нәр іздегендей солғын жанарын бір нүктеге қадап ойланып алады. Атаң екеуміз он бір бала тәрбиелеп өсірдік. Сен сұрап отырған «Қанатты қыран- Хиуаз» ерлік ісімен батыр атанса, мен бейбіт күннің «Батыр Анасымын» дегенде еті қашқан алақаны маңдайымды бір сипап өтті. Сол он бір баласынан немере сүйсе, соның бірі - мен екенмін. Хиуаз апа деп отырғанымның мәнін атаңнан қалған көне дәптерден ұғарсың ,– деп сарғайған қолжазбаны ұсынды.

Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру барысында ерлік көрсеткен, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен, «Қазақтың қанатты қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқышы Хиуаз Доспанова.

Соғыс жылдарында аспан қыраны атанып,жауына 300 мәрте көктен шүйіліп,ажал құштырған Хиуаз - ерліктің дастаны болуға лайықты жан.Ол тәуелсіз елдің ертеңі - біздер үшін ерлікті ұлықтауға,патриоттық тәрбиенің бірден-бір символы іспетті. Қазақтан шыққан қос батыр қыз - Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың қара жерде жауды жасқап,жер жастандырғанын мектеп партасы оқытады. Ал теңдессіз ерлік иесі,әуе аспанының алдаспаны жайлы тек 10 жылдан әрі біле бастадық. Себебі, ол туралы бізге оқытпады да, ұлы есімнің жүгі арқаланбай қала берді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Х.Доспановаға Жеңістен кейін араға алпыс жылға жуық уақыт салып «Халық қаһарманы» атағын алып бергеннен кейін ғана батыр қыз есімі елене бастады. Осы орайда жерлесіміз,жазушы-журналист Рахмет Иманғалиев ағайдың «Өлмейтін өмір» кітабындағы «Қаһарман қыз Хиуаз» атты көркем очеркі дәйекті деректерге жүгіндіреді.

Ата-тек туралы білу әр қазақ ұрпағының перзенттік парызы іспетті.Өйткені, мектеп оқулығындағы «Қазақстан тарихының»1 параграфы жеті атаға арналады емес пе? Оның үстіне Хиуазға ғана қатыстысын келтірсем ,артық көрінбес. Осы жазбамның басында айтқандай ұшын ұстаған жіпті атамның түсірген суреттері мен әжемнің әңгімесімен сабақтап отырмын.Атам Сайып пен Хиуаз үшінші аталары Шеркешбайдың ұрпақтары. Сонда Сайып атам мен Хиуаз апа немере болып келеді.Хиуаз апам елімізге соңғы рет 1963 жылы күз айында анасы Меруетті  ертіп келген екен.Оған төмендегі атамның түсірген суреттері айғақ.

Баланы құшақтап тұрған Хиуаз апам,  жоғары жағында Мерует әжеміз. Сағына қауышқан  ағайынның айырылысар сәті қимастыққа ұласады-ау. Атам Сайып Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол» күйін тебіреніспен орындағанда Хиуаздың анасы Меруерттің көз жасына ерік бергенін , қимай қоштасқанын, бұл олардың туған жерге келген соңғы сапары екенін әжем тебірене отырып еске алды. Сонда Хиуаз атама өзінің  қол жазбасы «Под командованием Расковой» деген кітабын және естелік суреттер тастап кеткен екен. Халық үшін қанын төккен Хиуаз күллі Қазақстан бойынша батыр екі қыздың атағын майданда естіп қуанса,үшініші болып өзі қартайған шағында бағаланды. Жанға жалау, көңілге демеу болатынына көзінің тірісінде, 82 жасында жасаған ерліктері алдынан шықты. Өше бастаған от қайта қоздап, лап етіп маздады да төрт жылдан соң 86 жасында келместің кемесіне сапар шекті. Жоқ,Хиуаз ана өмірден өткенімен оның ерлік даңқы өшпек емес. Қаһарманның екінші ғұмыры  енді басталды.Өткен жуық жылдарда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы батыр-ұшқыш қыздың ерлігіне арналған жеке экспозиция ашты.Х.Доспанованың ерлік жолын бейнелейтін деректі фильм де түсірілді. Онда менің әжем мен 80 жылдары Алматыда оқып жүріп апайдың қолында тәрбиеленіп,көзін көрген апам Сәуленің әңгімелерінен үзінділер келтірілген болатын.

Не деген ғажап ғұмыр. Данышпан Абай: «Көкірегінде сәулесі жоқтың көңілінде сенімі жоқ»-деп қалай тауып айтқан.Хиуазға жаратылыс жалынды жүрек,исанасына сәуле берген ғой.

Мектеп ішіне енгенде тарих төрінен орын алған алып тұлға қаһарман әжемнің бейнесіне тағзым етем. Киелі Құрманғазы, Жұмекен, Әбулер өткен топыраққа табан ізін қалдырған қаһарман әженің есімі өзі туған жерінің данқын көтеріп, дәрежесін арттыруда.

k

 

Немере сіңілісі: Сайып Мәдина Болатбекқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT