Қаһарман қыздың көрмесі ауданымызда

(0 Votes)

Ауданымызда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы Аудандық ардагерлер үйінде Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың көшпелі көрмесі өтті.

Аталған көрмеде даңқты ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың фотосуреттері, өңір белгілері, пистолет кабурасы, штурман құралдары, орамал, қолғап, көзілдірік, бокал, әмияндары, сувенирлер,  Кеңес Одағының батырлары Маншук Маметова, Әлия Молдағұлова, Қайырғали Смағұлов, Мұқат Мусаев, Александр Афанасьев және басқа да майдангерлердің қолданған мүліктері, патефон, жиналмалы сапер күрегі, дүрбі, патронташ, әскери термос, ер адамның жүн қолғабы, әскери котелок, майданнан жазылған хаттар, әскери киімдер және басқа да жәдігерлер қойылған.

Атырау облыстық музейінің қор меңгерушісі Бақтыгүл Хасанованы әңгімеге тартқанымызда:

– Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай өзіміздің жоспарлы шарамызды ұйымдастырып келіп жатырған жағдайымыз бар. Бұған дейін Астана, Алматы, Орал қалаларында өткіздік. Биыл облысымыздың аудандарына шығуды жоспарлағанбыз. Аудандарда оны Хиуаз Доспанованың туған жері Құрманғазы ауданынан бастап отырмыз. Көрмеге 90-ға жуық экспонат қойылды. Оның ішінде Хиуаздың тұтынған жеке бұйымдары да бар. 2008 жылы біздің қызметкерлеріміз ол кісіні іздеп Алматы қаласына барған болатын. Сол сапарында апаймен сұхбаттасып, өз қолынан табыстаған жәдігерлерін әкелді. Ол басты құндылықтарымыздың бірі. Одан басқа бүгінгі көрмеде Кеңес Одағы батырларының мүліктері және басқа да жәдігерлер қойылды. Көрермендерге үш күн есігіміз ашық, - деді.

k

k


Көрменің ашылу салтанатын аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева жүргізді. Алғашқы сөз берілген аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыс етті, Атырау облыстық музейінің қор меңгерушісі Бақтыгүл Хасанова көшпелі көрменің мақсатына  қысқаша тоқталды. Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик, аудандық «Өренді өлкетанушылар клубының» жетекшісі Өмірзақ Қажымғалиев Хиуазды 1983 жылдан бері білетінін, батыстың қыздары өжет, батыл келетінін әңгімеледі. Хиуаз Доспанованың туысы Ержан Рысқалиев өз атасы Рысқали мен Доспан деген ағайынды адамдар болғанын жеткізіп, қаһарман қыздың ерлігін тебірене еске алды. Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары Толыбай Қажыгереев пен Ерасыл Самиғоллаев «Елге тілек» әнін орындады. Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Фариза Сәменова жәдігерлерді кеңінен таныстырып, тарихы жайлы сыр шертті. Шара соңында қатысушылар көрмені еркін аралап, ондағы құндылықтарды тамашалады.

k

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521