Ағайынға сәл түсіндірме

(0 Votes)

Туған мекен – Құрманғазыдан шығып, Атырауға елге белгілі ауылдас азаматтың мерей тойына соқтықпалы соқпақты жолмен шілденің 6-ы күні таксимен келе жаттық.

Ертеңгілік мезгіл. Алдыңғы орында аудан дәрігерлерінің ұстазы Зейнетолла Ақпанов аға. Ақтарылып айтқан әңгімесін шұрқ тесік жол тарс-тарс соғып естіртіп жарытпайды. Көңіл үшін тыңдаған боласың. Сағат 10-ға таяу мезгілде «Сазанқұрақ» маңындағы жолдың шетінен жайрап жатқан сұмдықты көрдік. Дәрігер ағам ақ костюмін қан-қан қылып сорлап қалған, жап-жас жігіттердің қайтасын-қайта қол тамырын басып көреді. Басқа қолдан келер қайран не? Түр әлпеттері ажарлы, сықиып киінген, замманның серілері дерсің. Бірақ, быт-шыт болып қандарын топыраққа сорғызып жатыр. Сол сұмдық елеспен бірге өмір сүру қандай қиын!

Бауырлар, жолға шыққанда сенімді таксишіге отырыңдар, олардың ақшаға құнығып әлгіндей ұшуына жол бермеңдер, өздерімен бірге сендерге де ажал құштырады. Атырау-Астрахань құрылысы басталған тас жолға келер жылға ақша бөлінуін Тәңіріден тілейік. Әйтпесе, әлгіндей балғын жастар, өзі аз қазақ соғыссыз да өле береді. Біз, ең бастысы, өз отбасымызға керекпіз. Олар зарламасын десек, осы айтқандардан қорытынды шығаруларыңызды өтінемін. Төмендегі көңілсіз жырымда сәл-пәл артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Шейт кеткендердің аруағына мың тағзым! Сол жолы майып болғандарыңыз жазылып кетіңіздер! Қаралы отбасыларға Алла жеңілдігін берсін деп қинала-қинала көңіл айтамын!

Ғұмырларды қиып жатыр қисапсыз

Жаздың күні, алда Атырау, жол бойы,

Жол емес-ау, қазан шұңқыр, толды ойық.

Таксиші іні асығады заулатып,

Тірлігіңе бәс тіккендей қол қойып.

Сақта Алла, соққанын айт, солқ етіп,

Солқ-солқ соққы, жеткізбейді жол шеті.

Жаның сенің жүргізуші қолында,

Сәл қателік, үзілердей мөлт етіп.

Серіктесім Зейнетолла ағам бар,

Әңгімесін оқыс соққы тәмамдар.

Білмейсің ғой, алда ненің тұрғанын,

Межесіне асығады адамдар.

Көп көрсек те, біз көрмеген әлі көп,

Түңілдірсе, кейде оқыстан бәрі бос.

Аққыстау мен Құрманғазы арасы,

Жол шетінде жайрағандар, халі жоқ.

Қып-қызыл қан басылмаған дірілі,

Міне, міне үзілердей гүл үні.

Құлағынан қан сорғалап жатқанның,

Жан түршігер естіледі қырылы.

Дәрігер ғой, ағама айттым «білші» деп,

Тұрғызуға келмейді екен сілкілеп.

«Мына екеуге қиын болып кетпесе...»

Қарт дәрігер «полюс» тыңдап күрсінед.

Көз алдыңа кеткендей бір өрт тұнып,

Жас ғұмырлар қирадыңдар шорт сынып.

Кінәсі не, қанға оранып қып-қызыл,

Мыж-мыж көлік, жайрап жатыр төрт жігіт.

Ремень таққан бесіншісі сәл тәуір,

Өзгесінде жағдай қиын, хал ауыр.

«Жедел жәрдем» қалай ғана тез жетсін,

Ал, біз болсақ босқа тұрған қарауыл.

Ремень таққан ол да әзер жүр жер басып,

Құлақтан қан, төгіледі көз жасы.

«Жай жүр», дедім, «тыңдады ма, мені» - деп,

Қайта-қайта сығымдайды өз басын.

Мәселенің былай екен мәнісі,

Не пайда одан, тексерілер әлі ісі.

Ақтау жақтан шыққан екен төрт жігіт,

Армениядан көлік алу бар ісі.

Атырауға келіп көлік жалдаған,

Қайран ұлдар, тағдырлары алдаған.

Таксиші ол Махамбеттен жас жігіт,

Қатты жүріс қос ғұмырды жалмаған.

Өлетіндер бола ма екен өзгерек,

Қара қайғы жамыл-жамыл, сөз желек.

Таңдайына су тамызсам, алмады,

Төртеуін де көруге тек көз керек.

Қан жұтқаннан қара жер де ауырлар,

Өкініш боп құйылады жауын бар.

Төртеуі де айта қалар, балғын жас,

Құлын мүсін Маңғыстаулық бауырлар.

Көңіл айтам ата-анасы болса егер,

Көз жас емес, қайғы ғой бұл көл семер.

Бәрі емес, жүргізуші бар есер,

Сақ болыңдар, қандастарым жол шегер.

Енді қайтып, өбіспейтін еріндер,

Қоятындай көрмеге бір «керімдер».

Шыққыр көзім неге көрді сол сәтті,

Бала жетім, қалды-ау жесір келіндер.

Е, е... деумен көріп өтсін қайбірі,

Елеместің емес едім, жай бірі.

Жамалмаған жыртық жолдың үстінен,

Жүрегіме жамадым зор қайғыны.

Тіршіліктің бұзып кетті шырқын бар,

Тыныш күнде неге илейді ұлтым зар.

Ұлым сынды ұлдарым-ау, ұлыттың,

Жұмағынан төр бұйырсын, қыршындар!

Алла ісі, десек дағы сынақ-ол.

Жазықсыз шейт, кім мойнында, кінә мол.

Ғұмырларды қиып жатқан қисапсыз,

Жаңарар ма, жыры бітпес мына жол.

Таңатар Дәрелұлы, Құрманғазы ауданы 7.VII.2019 ж

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521