6 желтоқсан - Прокуратура органдарының құрылған күні!

(0 Votes)

Тәуелсіз Қазақстанда басты қадағалаушы орган прокуратураның алатын орны ерекше. Оның беделі мен әлеуметтік маңыздылығы еселеп өсіп келе жатқандығы жүріп өткен жолымызда айқын көрініс тапты.

Осы орайда Қазақстан Республикасының прокуратурасының құрылған күні, яғни 6 желтоқсан еліміздің тарихындағы биік белестердің бірі десек жаңылмаймыз.

Төл мерекеміздің 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні қарсаңында тойлануының да өзіндік айшықты маңызы бар.

Егемен мемлекетіміздің әлеуметтік - экономикалық дамуы мен тұрақтап нығая түсуі үшін Ата Заңымызбен бекітіліп, өмірлік қағида - ережелерге айналған заң талаптарының қатаң сақталуы бірінші кезектегі қажеттілік болып табылары сөзсіз. Шынайы тұрғыдағы құқықтық мемелекеттің құрылуы мен заң үстемдігінің өріс алуы - өркендеп өсуіміздің түбегейлі алғы шарттары болып табылатынына өмірдің өзі көз жеткізіп отыр.

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың 5 қарашасында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Конституциялық заңы қабылданды. Жаңа Заңның қабылдануының да өзіндік тарихи маңызы бар. Елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілді. Бұл жаңа Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін нақты белгіледі. Бүгінгі таңдағы жаңа кезеңнің талаптарына сәйкес прокуратура қызметіндегі тәсілдер өзгергенімен, прокурордың ең бастапқы міндеті ғана емес, парызы болып табылатын мемлекет мүддесін қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығына қорған болу қағидалары өзгерген жоқ. Прокуратура органдарының құрылған күні қарсаңында Құрманғазы ауданы прокуратурасының тарихынада тоқталып өткенді жөн көрдім.

Құрманғазы ауданының прокуратурасы 1928 жылы аудан құрылған кезден бастап жұмыс жасап келеді. Аудан прокуратурасының тарихы сөз болғанда, біздің жадымызға еріксіз бір аяулы есім оралады. Ол - Қазақ Республикасының алғашқы прокуроры, әрі әділет комиссары болған, 1922 жылғы 13 шілдеде Орынбор қаласында өткен екінші шақырылған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 3-сессиясында қабылданған «прокурорлық қадағалау туралы» Ережені өзінің қолымен жазған таланты жерлесіміз Шафхат Мұхамеджанұлы Бекмұханбетов еді. Ол сол кезде Қазан университетінің заң факультетін тәмамдаған санаулы прокурорлардың бірі болатын. Өз ауданымыздан түлеп ұшып, Қазақстан прокуратурасы тарихынан ойып орын алған асыл да ардақты тұлғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында аудан орталығы Құрманғазы ауылынан көше атын беру жөнінде аудан прокуратурасының ұсынысы 2002 жылғы шілдеде жүзеге асты. Аталған кезеңде аудан прокурорлары болып Ғұмаров, Б.Тапалов, А.Құлбасов, Ғ.Жапаров, Қ.Нұржанов, З.Құлжанов, С.Ысмағұлов, Б.Жұбанов, Ғ.Мүрсәлиев, Қ.Сақтағанов, Д.Тасанов, С.Қаражігітов, Б.Халықов, Ж.Көбегенов, Ғ.Тынымов, Е.Хисметуллин, М.Тлеулиев жұмыс жасады. Қазіргі аудан прокуроры М.Рахимов 2019 жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді.

Бүгінгі күні арамызда жүрген прокуратура органдарының ардагерлері Мүрсәлиев Ғизатолла, Хисметуллин Ерлан, Аюпов Тілекқабыл, Баширова Бақыт сынды ағаларымыз бен апамыз зейнеткерлікте болсада өздерінің көрген-білгенін жастарға үйретуден жалықпай, ұжымның ақылшы-ұстаздары бола білуде.

Өткен жылдар ішінде тағы бір ерекше тоқталып айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бекіткен «Жылдың үздік прокуратурасы» конкурсын қорытындылау жөніндегі Комиссияның шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2010 жылғы 23 ақпандағы №120 бұйрығына сай, Атырау облысы Құрманғазы ауданының прокуратурасы «Үздік аудандық прокуратура» номинациясына ие болды. Бұл да аудан прокуратурасының абыройы, іскерлігі, сол кездегі аудан прокуроры Жанібек Көбегеновтың жұмысты үйлестіру нәтижесінде жеткен үлкен жетістігі деп санаймыз.

Ал, аудан прокуратурасының бүгінгі тыныс-тіршілігіне келетін болсақ, ол да еліміздің өзге өңірлеріндегі прокуратура органдары сияқты заңның орындалуына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға, мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз сақтауға прокурорлық ықпал етіп, қадағалауды тиісті деңгейде жүзеге асыруда. Осылайша, аудан прокуратурасы қызметкерлерінің бүгінгі құрамы да талап үдерісінен шығып, қызметтік міндеттерін орындаудағы жетістіктері үшін облыс және Бас прокуратура басшылығымен бірнеше рет марапатталған.

Қорытындылай келе, барша прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Барлығыңызға амандық, дендеріңізге саулық, дастархандарыңызға береке, шаңырақтарыңызға шаттық, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Құрманғазы ауданының прокуроры

Магилан Рахимов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521