Елімізде төтенше жағдай кезеңінде қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 26 наурыздағы №110 бұйрығымен бекітілген 42500 теңге әлеуметтік төлем ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өзгерістерге сәйкес, 42500 теңге әлеуметтік төлемі тағайындалмаған және тағайындаудан бас тартылған азаматтардың өтініштерін қайта қарау тәртібі бекітілді. Азаматтарға «42 500 теңге» төлемді тағайындаудан бас тартылған өтініштеріне байланысты төлем тағайындалмаған азаматтардың өтініштерін қарау алгоритмін реттейтін түзетулер енгізді.
Яғни бұрын «42500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтінім иелері өтініштерді қайта қарау үшін аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен қоса тиісті өтініш беру қажет.
Өтініштер:
Жұмыс беруші тарапынан – ШОБ, ірі кәсіпкерлік (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес заңды тұлғалар үшін өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тарту (тоқтату) туралы шешім қабылданған қызметкерлер үшін беріледі.
Өз бетінше әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тарту (тоқтату) туралы шешім қабылданған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар береді.
Олар үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі келесідей:
Жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін ұсынылатын құжаттар:
– жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы бұйрықтар;
– жұмыс берушінің ТЖ кезеңінде кірісін жоғалту фактісін растайтын құжаттар (банктік шоттардан үзінділерді қоса алғанда, қаржылық және өзге де есептілік, бухгалтерлік баланс және басқа құжаттар);
– мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (МКК-мен салыстыру үшін, 200-нысан).
ЖК және жеке практикамен айналысатын адамдар үшін:
– мемлекеттік кірістер органдары қабылдаған декларация (МКК-мен салыстыру үшін, 200-нысан);
– табыстың жоғалту фактісін растайтын құжаттар (банктік шоттардан үзінділерді қоса алғанда, қаржылық және өзге де есептілік, бухгалтерлік баланс және басқа да құжаттар).
АҚС шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар үшін:
– заңды тұлғамен жасалған жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) арналған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар.
Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб «42500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығы бар/жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшесіне беріледі, ол «Өтініш берушінің электрондық іс макетін» қалыптастырып, деректерді МӘСҚ филиалына береді.
МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық (қалалық) штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттармен облыстық штабқа жүгінеді.
Облыстық штаб «42500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындау құқығының бар/жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшесіне және одан әрі МӘСҚ филиалына беріледі.
Карантин талаптарын ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында өтініштер 2020 жылғы 1- желтоқсанға дейін қаралатын болады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алу үшін 270 751 өтініш түсіп, оның ішінен 144 349 адамға төлем тағайындалып, төленді (1 648 адамға бас тартылды).