2020 ЖЫЛДАН НЕ КҮТЕМІЗ?

(0 Votes)

«Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа», дейді ғой халқымыз.

Жаңа жыл бәрімізді жақсылығымен жарылқасын. Жалпы қазақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп кездеспеген. Сол себепті «Жақсы сөз – жарым ырыс», дегендей Жаңа жылда жүзеге асады деп жоспарланып отырған бірқатар жаңалықтарды тілге тиек етейік.

Алдымен Үкімет ең төменгі зейнетақыны 70 мыңға жеткіземіз деген (2019 жылы ол 36 мың теңге) уәде беріп отыр. Бұл аз десеңіз 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлердің зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылдары үшін алып жүрген зейнетақылардың негізгі мөлшері 7 пайызға көбеймек. Зейнетақы төлеміне қосымша төленетін базалық зейнетақы мөлшері әр бір азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысқан кезеңіне сәйкес, ең кемі 16 839 теңгеге, көбі - 31 183 теңгеге дейін артады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін, ең жоғарғы орташа айлық табыстың мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішпен, яғни 121 946 теңгемен алынады. Әйелдер биыл 59,5 жасында зейнетке шығады.

Бұған қоса педагогтардың еңбекақысы 25% артады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.

Қазақстан Республикасының «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш – 2 651, ең төменгі зейнетақы – 38 636, ең төменгі төменгі базалық зейнетақы төлемі – 16 839, күнкөріс деңгейінің мөлшері – 31 183, ең төменгі жалақы – 42500 теңгені құрайды. 2020 жылдан бастап арнайы салық режимін қолданушы шағын бизнес өкілдері кіріс үшін төлейтін салықтан 3 жылға босатылады. Алайда бұл жеңілдіктер жер қойнауын пайдаланушыларға, акцизделінетін тауар өндірушілерге, ойын бизнесі және сыртқы экономикаға қатысушыларға жүрмейді. Тышқан жылы «Еріктілер жылы» деп жариялануына орай денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылады.

Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы республикалық деңгейде тойланады. Сонымен қатар 1-30 қазан аралығында ұлттық халық санағы өтеді. Былтыр Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысы 12-ші министрлік конференциясын 2020 жылдың маусымында Астана қаласында өткізуге шешім қабылдады. Бұл де еліміздің мерейін асқақтатар шара. Қасиетті Рамазан айы биыл 25 сәуірде, Құрбан айт 31 шілдеде басталады.

Әр жылдың өмірімізде қалдырар өзіндік қолтаңбасы болады ғой. Тышқан жылы тек жақсылықтарды молынан сыйлап, Қазақстанның абырой-беделін әлем алдында асқақтата түссін. Жас мемлекетіміз өсіп-өркендейтін, халқымызға құт-береке әкелер жыл болғай. Былтырғы қиындықтар биыл қайталанбасын деген тілек айтамыз. Сөз соңында айтарымыз іргеміз бүтін, бірлігіміз берік, халқымыз тыныш, отбасымыз аман болып Жаңа жылды қуанышпен қарсылай берейік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521