19 округке тегін азық-түлік таратты

(3 Votes)

Ауданымыздағы «Төбеарал Ойл» ЖШС-ның директоры Нұрлыбек Хамитов 18 ақпан күні 19 ауылдық округтегі 133 аз қамтылған, қолдауды қажет ететін отбасыларына бірінші кезектегі азық-түліктің бірнеше түрімен көмек көрсетті.

Қайырымдылық шарасында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев сөйлеп:

– Есімі ауданымызға жақсы танымал азамат Нұрлыбек Майфокұлы үнемі жомарттық танытып, ауданымыздағы аз қамтылған отбасыларына үлкен қолдау жасап жүр. Бүгінгі шарамызға «Төбеарал Ойл» ЖШС атынан Мерген Байболұлы пен Қанат Айтжанұлы қатысуда. Сіздер арқылы Нұрлыбек Майфокұлына аудан әкімдігі мен барша құрманғазылықтардың атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңызда сәттілік пен толағай табыстар серік болсын, - деп амандықта жүздесе берейік деген ізгі тілегін жеткізді.

ajyrymdyly-ebekshi1

«Төбеарал Ойл» ЖШС директорының кеңесшісі Мерген Байболов:

– Қазіргі уақытта халықтың, өндірістің, жеке шаруашылықтардың жағдайы бұрынғыдай емес. Дегенмен, соңғы кездері мемлекетіміздің өндіріс орындарына, тұрғындарға деген атаулы әлеуметтік көмегінің  арқасында бәрі де тоқтап қалмай, жұмыс алға жылжып жатыр. Соның нәтижесінде Құрманғазы ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Мұнай министрлігінің Құрметті мұнайшысы, «Төбеарал Ойл» ЖШС-ін құрып, осы жерді бұрғылап, мұнай тауып, соны өндіріп отырған Нұрлыбек Хамитов жақында ақылдасып: «Өткен жылы жағдайымыз жақсы болмай тұрған күннің өзінде де халық қиналып қалмасын, азғантай көмегіміз болсын деп аудандағы бір округке 500 мың теңге қаражат бөлдік. Биыл енді жыл басынан бастап шаруашылығымыз алға жылжыды. Қазір жұмыссыз үйде отырғандар аз емес, ауданның барлық округіндегі аз қамтылған отбасыларына, көп балалы аналарға мүмкіндігінше көмектесейік», деді. Осындай шешім қабылдағанбыз. Соған 2 миллион теңгенің үстінде ақша бөлді. Бұл соңы болмас. Халықты қазір қиындықты жеңіп келе жатыр ғой. Алла Тағала сіздерді қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізсін. Өз тарапымнан басшымыз Нұрлыбек Хамитовтың сіздерге жолдаған: «Құрманғазылықтар қиыншылыққа бойұсынбайтын ел еді. Бәрінің де отбасында үлкен жақсылық, қуаныш, молшылық тілеймін. Індетті жеңіп шықсын» деген сәлемін жеткіземін. Сонымен қатар, біз қарттарға көмектесуде аянып қалып жатқан жоқпыз. Мақаш, Ер Қосай шекара заставасы бар Кудряшов, Еңбекші ауылдық округтеріндегі қарияларды бірнеше жылы қатарынан 600 мың теңгеге облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» газетіне жаздырамыз, - деп Нұрлыбек Майфокұлы туған жеріне қолынан келген көмегін көрсетуде аянып қалмайтынынан хабардар етті.

aaj-sz-sjlep

Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Таңатар Дәрелов:

– Індет кезінде Әбдібек Бисенов, Салауат Мырзағалиев, Жұмажан Шакупов және басқа да кәсіпкерлер аудан халқына көмек жасады. Бірақ, мен 133 отбасын көңіл шуағына бөлеген шараны тұңғыш рет көріп тұрғанымыз. Нұрлыбек Хамитов әрдайым ауданның жетіспей жатқан жерлеріне, кетілген тұстарына көз қырын салып жүреді. Оған ел, жұрт, тарих куә. «Төбеарал Ойл» алып мұнай компаниясы емес. Халық арасында қара мұнайдан біз не пайда көріп жүрміз деген түсінік қалыптасқан. Бізге беймәлім болғанымен, оның ел бойынша шапағаты бар. Міне, Нұрлыбек Майфокұлы қайта-қайта еліне көмек жасап жатыр. Әрине, қазір дағдарып отырған жандар бар деп айта алмаймын, бірақ, қиналып жүрген отбасыларының бары рас. Мынау соған үлкен демеу. Осындай мейірімді азаматтар көп болсын! Нұрлыбекке және оның оң қолындай болып жүрген, кезінде ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарған полковник Мерген Байболұлы ағамызға, кеменің басы Құрманғазы ауданына бұрылғанын қалап тұратын азамат Қанат Айтжанұлына ризашылығымды білдіремін! «Теңіз тамшыдан құралады», дегендей Қазақстанның экономикасына, игілігіне қосып отырған үлестеріңіз шексіз. Біреулер жемқорлықпен айналысып елден қашып, бүкіл ата-тегін масқара етсе, сіздер сияқты елжанды азаматтар өзіме емес, халқыма болсын деп иігілікті іс жасайды. «Ақ сұңқар жемін шашып жейді, Қара қарға қойнына басып жейді,», дегендей ақ дариға пейілдеріңізге құдай берсін. «Тәңірсіз қурай да сынбайды», демей ме баршаңызға құдай ризығын молынан тілеймін, - деп алда келе жатқан мерекелермен құттықтады.

Округ әкімдері атынан сөйлеген Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса:

– Әлеуметтік, спорттық шара болсын бәрін қолдап жүретін осы «Төбеарал Ойл» мекемесі. Нұрлыбек Майфокұлы жомарттығы, кең пейілінің арқасында әрдайым қиындықта қалғандарды жалғыз тастамайды. Биылғы індеттің кезінде осындай қайырымды жандардың қатары көбейіп, қол ұшын беріп отырғаны үшін барша 19 ауылдық округтер, құрманғазылықтар және бүгінгі қайырымдылық шарасында өз үлестерін алатын ағайындар атынан  Нұрлыбек Майфокұлына шынайы алғысымызды білдіреміз. Құдайдан не тілесеңіз де сол қабыл болсын, несібелеріңіз бен ризықтарыңыз арта берсін, шыққан шығындарыңызды Алла Тағала еселеп, биікбелестерден көрінуді нәсіп етсін, - деді.

Қайырымдылық шарасы соңында әр округтің аты жазылған белгі тұрған жердегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларына арнғалған тегін азық-түліктерді 19 ауылдық округ әкімдері қастарына ерген мамандарымен бірге бөліп алып, әкетіп жатты.

ajyrymdyly-tama-1

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521