«AMANAT» партиясы аудандық филиалы депутаттық фракциясының отырысын фракция жетекшісі Ерлан Хисметуллин жүргізді
Күн тәртібіне сай алғашқы болып аудандық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Қуаныш Имашев хабарлама жасап, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» бағдарламалары аясында І жартжылдықта атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Хабарламашыға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Уәлитханұлы, фракция мүшесі Бержан Кенжебаев және басқалары тарапынан космомониторинг, кезінде заңсыз берілген және игерілмей жатқан жерлерді қайтару мәселелеріне қатысты сұрақтар туындады.
Өз жауабында бөлім басшысы Қуаныш Мусаұлы:
– Игерілмеген жер учаскесін заңға сай кез-келген уақытта қайтарып аламыз. Жерді мал басына сәйкес қалдырамыз. Кімнің қай жерде отырғаны, қанша малы, қандай жері бары, қалай игеріліп жатқаны бізге жақсы мәлім. Былтыр 25 мың гектар жерді қайтаруға тәртіп берілсе, биыл 32 мың болып отыр,– деді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Муфтах «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қосымша түсінік беріп, ол биыл пилоттық жоба ретінде Атырау облысында жүзеге асырылғалы отырғанын айтып:
– 14 округтен 108 адам 741 млн теңге аламыз деп отыр. Мақұлдау беретін округ әкімдері мен кәсіпкерлік палатасы. 2,5% - бен 8 миллионға дейін біздің ауданнан 40 адамға беріледі. Шаруа қожалықтары бірігіп кооператив құрса 25 миллионға дейін алады. 20 шілдеден кейін қаржыландыру басталады. Басты талап – жаңа жұмыс орынын ашу және алған қаражатты қайтара алатын болуы, – деп оны кімге беру округ әкімдерінің құзырында екенін алға тартты.
«Атамекен»кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие 7 бағыт бойынша берілетінін, қойылатын талап несиелік тарихының таза болуы қажеттігін, өзінде жер жоқ болса біреумен келісуге немесе ауданның босалқы жерін пайдалануға рұқсат етілетінін түсіндірді. Екінші мәселе бойынша Құрманғазы аудандық ауруханасы директорының міндетін уақытша атқарушы Марина Хасанованың хабарламасы тыңдалды.
Хабарламашы қойылған сұрақтарға берген жауабында:
– Ауданымыз бойынша 12 маман жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін басшымызбен бірге мектептерге барып түлектермен, медицина институттарында болып студенттермен кездестік. Медициналық пункттерді аралап шыққанда Жұмекен, Кудряшов, Үштаған, Сафон, Жамбыл, Бірлік, Алға ауылдарында заманауи талаптарға сай келмейтінін көрдік. Кадырка ауылына жоба бойынша медпункт керек дейді.
Медпункт болса 1 ғана дәрігер беріледі. Халқы 500-ге дейінгі ауылға медпункт, мыңнан асса дәрігерлік амбулатория салынуы тиіс. Сонда ғана бірнеше дәрігер жұмыс жасайды, – дей келе, бірнеше ауылдық округтерде емдеу орындарын жаңадан салу, аудандық емханаға күрделі жөндеу қажеттігін айтып, бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданғанын, «Еңбек.kz» сайты арқылы қажетті мамандарға сұраныс берілгенін жеткізді.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин, партиялық фракция мүшелері Есболат Құбашев, Бержан Кенжебаев халықты облыс орталығына сабылтпай дәрігерлік анализдерді округтерден алу, туберкулезбен күрес турасында сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Соңында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин партияның облыстық филиалының Алғыс хатын Бержан Кенжебаев, Есболат Құбашев, Қанат Ғұмаровқа табыс етті.
Қанат Зарлыханұлы