Аудан әкімі Қайрат Нұртаев бір топ бөлім, мекеме басшыларымен бірге Азғыр өңірінде болып, Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтері әкімдерінің 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы есеп беру жиналыстарына қатысты.
Асан. Округ әкімі Гүлім Қабдражитова өз хабарламасында 2020 жылғы есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Хабарламашының айтуынша 2020 жылы көгілдір отынмен қамту бойынша әлеуметтік сала нысандары, атап айтсақ, округ әкімдігі, 2 орта мектеп, Үштаған ауылдық клубы және Үштаған дәрігерлік амбулаториясы ғимараттарына газ желісі тартылды. Жеке тұрғын үйлерді табиғи газ желісіне қосу үшін монтаж жұмыстары мен техникалық шарттарын жасау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы күні бүгін Асан ауылында 56, Үштаған елді мекенінде 51 тұрғын үй газ желісіне қосылған. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға «кіші футбол алаңы» жоспарланып, оның құрылысына 1 млн 187 мың теңге қаржы жұмсалған. Көптен шешімін таппай келе жатқан мәселенің түйіні тарқатылып Асан, Үштаған елді мекендерінде ұялы байланыс желісі іске қосылған.
Хабарлама тыңдалғаннан кейін шаруа қожалығының басшысы, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов:
– Медпункт мәселесі осы жылы шешіледі деген сенімдеміз. Көше жарығы үнемі сөніп қала береді, осыны бақылауда ұстаған жөн. Өткен жылдың соңында ұялы байланыс тартылды, оған қуанып жатырмыз. Дегенмен радиусы 3 шақырым, ауылдың ішінде ғана ұстайды. Таралу қашықтығы ұзартылса облыстан, ауданнан жолда келе жатырғандарға көмегі тиер еді. Ауылымыз қазіргі заман талабына сай интернетпен қамтылса деген тілегіміз бар, - дей келе, округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Үштаған ауылындағы Құрманғазы орта мектебінің мұғалімі Уалитхан Сағынғалиев:
– Балалардың игілігі үшін мектебіміздің жатақханасын күрделі жөндеуден өткізуді сұраймыз. Аудан орталығынан Үштағанға қатынайтын кіре беріс жолды құм басқаны ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген басты мәселе екенін қаперіңізге беремін, - деді.
Есеп беру жиналысында аудан әкімі Қайрат Талапұлы қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Қанат Ғұмаров