Зілзала қасіреті

https://azattyq-ruhy.kz
(0 Votes)

Япырай, неткен қасірет, зар, налалы

Қиратқан бірер сәтте бар қаланы,

Мыңдаған бейкүнә жан құрбан болған

Күшінен сойқан салған зілзаланың.

Жанартау жер астында бұғып жатқан,

Оянып ұйқысынан тыным тапқан,

Диюдай босап кеткен ойран салды-ау

Сілкініп, тау мен тасты бұзып қатқан.

Қамсыз жұрт бұл нәубеттен сақтанбаған,

Боларын сезбеген соң жатқан тәмам,

Бір сәтте қыршын кетіп опат болды

Ғазауат бұйрық келіп Хақтан жаман.

Дамыған өркениет заманында

Болжамай төніп тұрған зауалын да,

Ғылыми мекемелер не бітірген

Ескертпей сақтанудың амалында.

Білгенде мұнша қасірет болмас па еді,

Қанша өмір қапелімде солмас па еді,

Құрылыстар күл парша боп қираса да

Адамдар аман-есен қалмас па еді.

Амал не, зор бейқамдық сан соқтырған,

Өтеуі – қаза тапқан сан жоқ құрбан,

Бейкүнә, шейіт болған, бұл зор апат

Бауырлас бейбіт елге қан жұттырған.

Тартқан ел табиғаттың тақсіретін,

Көргенмен қайғысы мен қасіретін,

Құлатпас елдің туын, биік ұстар,

Берілмес сындар шақта, әсіре, тым.

Қайғы ортақ, қасіретті бөлісеміз,

Біргеміз, сын сағатта көрісеміз,

Туысқан қиналғанда демеу жасап,

Қажетті бар көмекті берісеміз.

Қазақ пен түрік түптен тамырласпыз,

Өрбіген бір түркіден бауырласпыз,

Қаны да, жаны да бір туыстықты

Ешқашан ажырамай, айырмаспыз.

Иманы серік болсын шейіттердің,

Жұмақта жайлы орын тиіп төрден,

Қапыда қаза тапқан, қыршын кетен

Бауырлас бірге жатқан бейіттердің.

Тілеймін елді апаттан сақтасын деп,

Әр таңы қайғы, зармен атпасын деп,

Момақан, қоңыр тірлік қазағымды

Тәңірім әрқашан да жақтасын деп.

Нұғманов Нұрлығайн

сурет https://azattyq-ruhy.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT