Біздің Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Елбасымыз әсіресе ауыл тұрғындарының денсаулығына баса мән беруді қолға алуды үкіметке міндеттеген болатын.
Құрманғазы аудан тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді және шалғай орналасқан ауыл тұрғындарын сапалы, мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 2011 жылы Құрманғазы аудандық аурухана базасына «Жылжымалы медициналық кешені» алынған болатын. Аталған кешен жылдық жоспарына сәйкес ауыл тұрғындарын аралап, консультациялық-диагностикалық зерттеуден өткізіп, анықталған аурулар бойынша әрмен қарай сауықтыру шаралары жүргізіледі. Жылжымалы медициналық кешенде педиатр, балалар неврологы, жүрек, мұрын, көз, құлақ, тіс дәрігері, акушер-гинеколог, терапевт мамандары бар. Құрманғазы ауданында 19 ауылдық округ бар. Мұнда 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 14 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшер-акушерлік бекет, 14 медициналық бекет ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Барлық ауыл тұрғындарын қамту үшін жылжымалы медициналық кешен ауданның елді-мекендерін жылына 2 рет айналып өтеді. Оған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»-ның филиалынан 20 млн 117 мың 406 теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы 18 елді-мекендерді аралап, жоспарланған 10241 тұрғынның 7084 тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны – 1486. 946 тұрғынға диагностикалық зерттеу, 1070 тұрғынға лабораториялық зерттеу, 5658 тұрғынға дәрігерлік кеңес жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде 45 тұрғыннан әртүрлі аурулар анықталып, 51%-ы диспансерлік есепке алынды. Анықталған сырқаттар бойынша бейінді мамандардың ем-тағайындаулары жасалып, сауықтыру шаралары жүргізілуде. Жүргізілген медициналық көмекке «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалымен 8072417,84 теңгеге ақы төленді. Кешен қызметкерлері тек медициналық қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Қазіргі таңдағы аса қауіпті инфекциялардың, маусымдық аурулардың алдын алу, олардан сақтану, қауіпсіздік шараларын ұстануы және салауатты өмір салтын қалыптастыруы туралы ақпараттық жұмыстарды да жүргізеді.
С.У.Зулкашева,
Құрманғазы аудандық аурухана директорының у.м.а.