Ауданымызда экологиялық жағдайды жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары қолға алынғаны рас.
Осы мақсатта өңірде 12 гектар жерге 9600 түп тал отырғызу жоспарланған. Бұл жобаға «Теңізшевройл» компаниясы қолдау көрсетіп, бүгінде жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда ауданды жасылдандыру жұмысы Ақкиізтоғай ауылында жалғасып, мұнда жоспарға сәйкес 1600 түп ағаш отырғызылуда. Жоба әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде жүзеге асып, «Теңізшевройл» компаниясы мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында жүргізіліп жатыр. Компания өкілі Нұрлан Ерғалиевтің айтуынша мердігер мекеме ағаштарды 3 жыл бойы күтіп-баптауға жауапты болады.
- Облыс әкімдігімен бірлескен меморандумға сәйкес, “Теңізшевройл” компаниясы ауданда 50 гектар жерге тал отырғызуды міндетіне алған болатын. Бұл жұмыстар соның жалғасы. Яғни, 2022 жылы басталған жобаның биылғы мақсаты ауданның 6 ауылдық округінқамтып, олардың әрқайсысына 2 гектардан тал отырғызуды,–дейді ол.
Экологиялық жоба ауыл тұрғындары үшін де маңызды әлеуметтік бастама болып табылады. Өйткені Ақкиізтоғай ауылында жүргізілген жұмыстарға мердігер мекеме тарапынан 40-қа жуық адам тартылған. Олардың арасында ақылы негізде еңбекке тартылған ауыл жастары да бар. Бұл шара ауыл жастарына экологиялық сауаттылықты арттыруға, табиғатты қорғау ісіне қатысуға мүмкіндік берері анық. Сондықтан алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары Қосшағыл, Жем және Майкөмген ауылдық округтерінде жалғасады.
Иә, жоба экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жыл сайынғы көгалдандыру жұмыстары ауданның ауа райына оң әсер етіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаның жалғасуы ауданның жасыл аймақтарын кеңейтуге жол ашып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Ауыл тұрғындары мен жергілікті жастар үшін де маңызы зор іс табиғатқа деген жауапкершілікті арттырып, ауданның жасыл желекпен қамтамасыз етілуіне жол бастауда.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

