Жолдаудағы басымдықтар – дамуға жол ашады

(0 Votes)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Жолдауында мемлекет дамуының негізгі басымдықтарын атап өтті. Осы басымдықтарға қысқаша тоқталып өтейік. Себебі бұл келесі  жылға қадам басар  әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың көрінісі.

Алдымен Мемлекет басшысы бір палаталы парламент құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Талқылау шамамен бір жылға созылуы мүмкін, содан кейін 2027 жылы референдум өткізіп, Конституцияға өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде заңдардың қабылдануын жылдамдатады және тағы бір палатаны ұстайтын қосымша шығынды жояды. Қазіргі заманда көрпемізге қарай көсілгеніміз жөн. Қолданыстағы цифрлық ведомство негізінде жеке «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін» құруды тапсырды. Мақсаты – цифрландыруды күшейту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Жасанды интеллект машиналық оқыту алгоритмдері сенсорлардан, спутниктерден және дрондардан жиналған деректердің үлкен көлемін талдайды. Ауыл шаруашылығында бұл су, тыңайтқыштар және пестицидтер сияқты ресурстарды пайдалануды оңтайландырады. Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен егістік жерлерден түсірілген суреттерді талдау аурудың немесе зиянкестердің белгілерін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Дақылдар мен арамшөптерді ажыратуға мүмкіндік туғызады. Малдың денсаулығы мен әл-ауқатын бақылауға, аурудың ерте белгілерін анықтауға және уақтылы ветеринарлық көмек көрсетуге жәрдемдеседі.  

Басқа басымдықтарға келсек, Жолдауда активтерді қайтару комитетінің жаңа мәртебесі «Заңсыз активтерді қайтару комитеті инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті» болып өзгертілетіні айтылды. Президент бюджетке 850 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылғанын және ол әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталғанын ерекше атады. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына жұмсалған. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек. Алатау қаласы үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебеге ие болады. Алты ай ішінде басқару және қаржыландыру моделін реттейтін жеке заң қабылданады. «Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», деді Президентіміз. Ұлттық банк мемлекеттік крипторезервті қалыптастыру үшін цифрлық активтер қорын құрады. Оған ең перспективалы цифрлық активтер кіреді. Жолдауда инфляциямен күрес – №1 басымдық деп танылды. Мемлекет басшысы жоғары инфляцияны экономика мен азаматтардың әл-ауқатына басты қауіп деп таныды. Қымбатшылық аз қамтылған отбасыларына оңай тимесі анық. Сондықтан инфляцияның белгілі бір деңгейден аспағаны дұрыс. Ал, одан асқан жағдайда оларды тиісті деңгейде қолдау қажет. Президент  Үкімет пен Ұлттық банкті үйлестірілген жұмысқа және танымал емес, бірақ қажетті шараларға дайын болуға шақырды. Электр қуатымен қамтуды жақсарта түсу үшін елімізде бір емес, бірден үш атом электр стансасын салу қажет екенін айтты. Қазақстан Қытаймен осы саладағы стратегиялық әріптестік туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сондай-ақ, Жолдау Қазақстанды алдағы үш жыл ішінде жоғары технологиялық мемлекетке айналдыру міндетін қойып, цифрландыру таңдау емес, заман талабына қарай әрекет ету екенін жеткізді. Мемлекет басшысы табиғи ресурстарды, әсіресе суды үнемдеу мәдениетінің төмендігіне алаңдаушылық білдірді. Халық арасында, әсіресе жастар арасында белсенді ағартушылық жұмыстарға шақырды. Қоғамдағы агрессияның өскеніне, қоғамдық орындарда дөрекілік пен қақтығыстардың жиілеп кеткеніне қынжылыс білдірді. Қоғамға құрмет мәдениетін қайтаруға шақырды және тәртіп пен заңдылық Қазақстандық мемлекеттіліктің негізі екенін қаперге берді. 

Елорданың халық санының тез өсуіне байланысты үш жыл ішінде 250 мыңнан астам адамды сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмысына қауіп төніп отырғанын ескертті. Осыған байланысты ішкі және сыртқы көші-қонды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі құрылады. Әлеуметтік саясат реформасында Президент артықшылықтар мен төлемдердің артық жүйесін сынға алды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл негізгі салалардың — білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымның дамуына кедергі келтіреді. Төлемдерді біріздендіруді және шығындарды оңтайландыруды тапсырды. ТКШ және энергетика мәселелері  саласындағы тозу мен хаотикалық басқару дағдарысқа әкелгенін жеткізді. Үкімет басқарудың жаңа моделін әзірлейді және тарифтік саясатты ырықтандырады. Тарифтердің өсуі қызмет сапасының өсуімен қатар жүруі тиіс. Құрылыс саласының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жаңа құрылыс кодексі қабылданады. Бизнесті қолдау және реттеуші реформа қаралып, мемлекет басшысы бизнеске артық қысымды жою үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді міндеттеді. Стратегиялық жоспарлау агенттігінің базасында нормативтік базаны оңтайландырумен айналысатын реттеуші интеллект орталығы пайда болады. Реформаларды іске асыру үшін жауапкершілік әкімдер мен министрлерге жеке жүктелді.

Міне, жаңа Жолдау осындай міндеттерді алға қойды. Оны орындауға атсалысу баршамыздың ортақ міндетіміз!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT