Жұмысшы мамандықтар жылы аясында спорттық эстафета өтті

(0 Votes)

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Махамбет аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің спорт залында «Жұмысшы мамандығы – кәсіптің алтын қазығы» атты спорттық- эстафеталық ойын өтті.

Спорттық шара ҚР Әнұранымен салтанатты жағдайда ашылды. Елімізде жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған іс-шараға аудан мектептері мен балабақшаларының 30 кіші қызметкері атсалысып, бақ сынасты.

Жарысқа қатысатын командалар сап түзеп, ашылу салтанаты басталды. Аудандық спорттық шараны Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Махамбет аудандық филиалы төрайымы Торғын Бергарина ашып, қатысушыларды өткен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, елімізде жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты мектептер мен бөбекжайлардың кіші қызметкерлері арасында өткізіп жатқандарын айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сөз алған Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Төре Пангерей де жарысқа қатысушыларға қош келдіңіздер айтып, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді. 

«Қазақстаным – Отаным» әнінен соң көптен күткен жарыс та басталып кетті. Алдымен Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Жанар Сәлімжанқызы эстафеталық ойын шарттарымен таныстырды.

Қатысушылар он-оннан үш командаға бөлініп, қызықты ойын командалардың өзін-өзі таныстыруымен басталды. Сары, көк, қызыл киімді қатысушылар «Қыран», «Көкпар», «Болашақ» командаларына бөлініп, әр команда ойыншылары 12 ойын шартында көзге түсті. Келесі кезең допты алып, кедергіні құлатпай, айналып өту, екі ойыншы бір шығыршықпен жүгіру, теннис ракеткасымен жерге түсірмей, жүгіріп өту де асқан ептілікті, шапшаңдықты қажет етеді. Екі шығыршықты қатар қойып, кедергіден өту, шығыршықпен кедергіні айналып жүгіру де қызықтылығымен есте қалды. Бір- бірімен тізбектеліп, паровоз болып жүру, секіргішпен секіру де ептілікті қажет етеді. Секіре алмай құлап қалып жатқандар да кездесті.

Матрас үстінде үш рет домалап, допты алып, кедергілерді айналып жүру де қызықты өтті. Кейбірі домалап жатып, матрас ығысып кетіп немесе сүрініп кетіп, құлап жатса да барынша намысқа тырысып жатыр. Нысананы көздеу де қызықтылығымен есте қалды. Бұл ойында аса дәлдікпен нысананы көздеп, дәл тигізгендер де, ауытқып, тимей, мүлт кеткендер де болды. Ең қызығы арқан тартыс болды. Арқан тартыста «Көкпар» ко¬мандасы жеңіске жетті. Үш сағатқа созылған қызықты жарыс та мәреге жетті.

Жарысқа қазылық еткен Ақтоғай орта мектебінің мұғалімі Рая Ерғазиева қатысқан командаларға шынайы ризашылығын білдіріп, жүлдегерлер есімдерін атады. 

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Махамбет аудандық филиалы төрайымы Торғын Мақсотқызы да спорттық жарысты қорытындылап, барлық қатысушыларға алғыс айтып, жеңістерімен құттықтады. Жарысты ұйымдастырушыларға, мектеп ұжымына да ризашылығын білдіріп, жеңімпаздарды алғыс хат, дипломдармен, қатысушыларды кәсіподақ атынан бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жүлделі І орынға «Қыран» командасы ие болса, ІІ орынды «Көкпар» командасы еншіледі. Жүлделі ІІІ орын «Болашақ» командасына бұйырды. 


А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА, 
Сарытоғай ауылы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT