Соңғы жылдары құт дарыған Құрманғазы топырағында туып өскен дарындар халықаралық байқауларда топ жарып, ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Солардың бірі – Елемес Диас Серікұлы.
Диастың үлкен өнердегі жолы туған топырағында басталды. Аудан орталығындағы Дина Нүрпейісова атындағы музыкалық мектепте алғаш рет ұстазы Берік Сұлтанмұратовтан дәріс алды. Бойындағы дарыны байқалғаннан кейін, «Бұлақ көрсең көзін аш», дегендей, Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебіне оқуға ауысты. Мұнда оқып жүргенде бірнеше мәрте республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты атанды. Оны бітіргеннен кейін өмірін музыкамен байланысырып өнер ордасы оңтүстік астанада қалғанды жөн санады. Алматы қаласындағы Чайковский атындағы колледжге жұмысқа орналасып, ұстаздық етіп, шәкірттерге дәріс берді.
Алған білімін игілігіне пайдаланған Диастың аталған оқу орынында шеберлігін шыңдай түскенін байқаймыз. Оған Италияда 11-15 қыркүйекте өткен «PIF CASTELFIDARDO-2024» халықаралық музыкалық конкурсына қатысып, бағы жанғаны дәлел. Әлемнің әр түпкірінен келген дарындар бес күн бойы бақ сынады. Халықаралық дәрежедегі әділқазылар алқасы олардың өнерлерін сараптады. Нәтижесінде аккордеон инструментінде ойнаған қазақстандық Елемес Диас І орын алып, «PIF CASTELFIDARDO-2024» музыкалық фестивалінің 49-шы халықаралық сыйлығын иеленді. Бұл ауданымыз үшін мақтаныш.