АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдап, креативті индустрияны қолдауға қатысты заң жобасын екінші оқылымда талқыға салады.
19 желтоқсанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, сол кезде палата жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай алдымен депутаттарға Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы мемлекеттік аудит есебі ұсынылады. Аудит орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ұлттық даму институттары мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргізілген.
Айта кетейік, кеше Үкімет «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекітті. Бағдарлама шағын кәсіпкерлікті, ең алдымен, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда ауқымды дамытуға бағытталған. Құжат аясында екінші деңгейдегі банктер кредиттеуінің жалпы көлемі жылына шамамен 400 млрд теңгені құрайтын болады. 2026 жылға арналған субсидиялауға жылдық қажеттілік шамамен 24 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте бірінші жылы 5 мыңнан астам жобаны қолдау күтіледі. Бағдарламаға қатысушылар микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері болады. Бір жобаға кредиттің ең көп сомасы – 200 млн теңгеге дейін. Субсидиялау – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы. Субсидиялау мерзімі – ұзартусыз 3 жылға дейін.
Есептеулерге сәйкес, бағдарламаны 2026-2028 жылдары іске асыру:
23 мыңға жуық жобаны қолдауға;
1,2 трлн теңге сомасына кредит беруді қамтамасыз етуге;
шамамен 127 млрд теңгеге бюджеттік қолдауға мүмкіндік береді.
Мультипликативті түрінде күтілетін әсер:
салық түсімдері – 157 млрд теңге;
өнім шығару – шамамен 1,4 трлн теңге;
шамамен 7 мың жаңа жұмыс орнын құру және шамамен 136 мың жұмыс орнын сақтап қалу.
Сондай-ақ Мәжіліс екінші оқылымда креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заң жобасын қарайды. Мемлекеттік қолдау тетіктерін нақтылауға, сала субъектілерінің бірыңғай тізілімін құруға және жастардың креативті жобаларын қолдауға бағытталған құжатты Мәжіліс осы жылдың 12 қарашасында бірінші оқылымда мақұлдаған еді.
Сол кезде Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков заң жобасы шығармашылық саланы заң жүзінде қолдауға және оның құқықтық негізін күшейтуге арналғанын айтты.
— Заң жобасы «Кәсіпкерлік кодекс» пен «Мәдениет туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Бұл өзгерістер шығармашылық саланы кешенді түрде дамытуға, құқықтық негізін айқындауға және мемлекеттік қолдауды жетілдіруге мүмкіндік береді. Құжатта креативті индустрияны қолдайтын мемлекеттік органның құзыреттері нақты көрсетілген, — деді ол.
Сондай-ақ, ол ұсынылып отырған нормалар жергілікті органдардың міндеттерін де айқындайтынын айтады.
— Облыс, қала және аудан әкімдері өңірлік креативті кластерлерді дамытуға, инфрақұрылым жасауға және қолдау бағдарламаларын іске асыруға жауапты болады. Осы нормалар арқылы креативті индустрияны құқықтық тұрғыдан қорғауға алып, жобаларды бағалау және инвестиция тарту арқылы саланы тұрақты дамыту көзделіп отыр. Бұл заң жобасы қабылданса, Қазақстанда шығармашылық салаға құқықтық негізде қолдау көрсетудің жаңа дәуірі басталады, — деді Ерлан Стамбеков.
Ресми мәлімет бойынша, креативті индустрия саласында жұмыс істейтін 46 мыңнан астам ұйым тіркелген. Ол ұйымдарда 143 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Креативті экономиканың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 1 пайызға жақындаған. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен үш есе көп.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптадағы палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Үкіметі мен Франция Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.
Құжатты ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды.
- Мемлекет басшысының Францияға сапары барысында осы келісімге 2024 жылы 5 қарашада қол қойылды. Келісіммен өзге елде болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарды өз азаматтығы бар елге қайтару көзделеді. Ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаса немесе Францияда заңсыз жүрсе, оларға қандай да бір санкциясыз (әкімшілік айыппұл салу түрінде) қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осы елдің уәкілетті органдары азаматтың еліне оралу үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады, - деді ол.
Оның айтуынша, тараптар үшін жауапты орган ретінде Ішкі істер министрлігі айқындалған. Келісім халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.
Мәжіліс депутаттары Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді де ратификациялады.
Бұл құжат 2012 жылғы 29 мамырда Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы келісім негізінде құрылған Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жалғастыруға мүмкіндік береді. Орталық қызметінің тиімділігін 2023 жылы ЮНЕСКО аудиті растады. Сарапшылар оның Орталық Азиядағы ЮНЕСКО аясындағы жұмыс істейтін жалғыз мамандандырылған гляциологиялық орталық ретінде «ерекше мәртебесі бар» деп атап өтті. Бұл Орталық су қауіпсіздігі саласында Орталық Азиядағы ғылыми жетістіктердің деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ палата «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.
- Заң жобасы 26 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды. Негізгі жаңалық – Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бабын енгізу. Бірінші оқылым барысында және жұмыс тобында қызу талқылаулар болды, маңызды ұсыныстар айтылды. Жұмыс тобында осы ұсыныстарды ескере отырып, екінші оқылымға дейін заң жобасын пысықтап, біршама өзгеріс енгізді. Ең басты өзгеріске тоқталсақ, «күш қолдану», яғни зорлық-зомбылық пен «қорқыту» ұғымдарын ажыратып, оларға берілетін жазаны бөлек қарастырдық, - деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Осыған байланысты, қылмыстық әрекеттерді дұрыс саралау мақсатында «қорқыту» бойынша жаза түрлері біршама жеңілдетілді:
айыппұл мөлшері 500 АЕК емес, 200 АЕК-тен басталады;
қоғамдық жұмыстар 600 емес, 300 сағатқа дейін төмендеді;
ал бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы 3 жыл емес, 2 жылға дейін қысқартылды.
- «Медицина қызметкеріне күш қолдану», яғни нақты зорлық-зомбылық жасау бойынша санкциялар қатаң күйінде сақталады. Біз қолында қаруы жоқ, тек шипалы алақаны мен біліміне сенген дәрігерді қорғауға міндеттіміз. Ашығын айтқанда, бұл заң жобасы тек дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері туралы емес. Бұл заң жобасының түпкі мәні – дәрігердің жеке басы емес, ұлттың денсаулығы. Бұзақының кесірінен қолы сынған хирург – жасалмай қалған мыңдаған ота деген сөз. Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі – жүздеген шұғыл шақыртуға бармай қалған бүтін бір бригада деген сөз. Сондықтан, дәрігерді қорғау дегеніміз – әрбір қазақстандықтың денсаулыққа кепілдігін қорғау, - деді депутат.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 22 сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров рушылдық тенденция - қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс екенін алға тартты.
- Жуырда «Руың кім?» деген фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Тіпті, бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Біртұтас мемлекет идеясы қайда? Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі - бұл жақсылыққа әкелмейді. Шығармашылық бостандық қажет. Бірақ ол мына алай-дүлей заманда ұлттың бірлігін бұзып, мемлекеттіліктің тамырын қиюға қабілетті деңгейге шықпауы тиіс, - деді ол Үкімет басшысы атына жолдаған сауалында.


