Жарқын болашақты бірге жасаймыз!

фото: akorda.kz
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында бірқатар келелі мәселелер қозғалды. Жиынға Сенатқа ассамблея қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ассамблеяның еріктілері қатысты. Сондай-ақ, бейнебайланыс арқылы өңірлердегі делегаттар бақылап отырды.

Ел Президенті алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты. Түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу екенін мәлімдеді. Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.

Мемлекет басшысы осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндеттерді арнайы атады. Біріншіден, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды. Сонымен бірге, бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, немесе кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керектігін назарға берді. Бұл ретте, Президентіміз Ассамблеяға мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, ұйымды әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді. – Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы «Достық» үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі. Соңында Президент Жарлығымен бейбітшілік пен татулықты және халықтар достығын нығайтуға сүбелі үлес қосқандардарға мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың арасында «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Татьяна Любина болды.

Виктория  ХАЛМЕНОВА,

Ақкөл ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521