Зейнетақы жинағы– жарылқайтын игілік

(0 Votes)

Жаңа жылдан жұрт күткен игіліктің бірі – зей­нет­ақы жинағының бір бөлігін бас­пана алуға жұмсау. Халық­тың тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді бір тетігі болатын Президенттің бұл бастамасы бұқара тарапынан кең қолдау тауып, жүзеге асырылуын асыға күтіп жүргендер көп. Зейнетақы қорындағы қаражатының мардымсыздығынан біраз ағайын бұл игіліктен құр қалатындай көрінген.

Қаражатын алуға кімдердің мүмкіндігі бар?

Бірақ ақшаның тиыннан құ­ралатыны сияқты тұрғын үй де туған-туыстың қолғабысымен қол­­жетімді болмақ. Яғни отбасы мүшелеріне жеке-жеке жи­нағындағы алуға бола­тын қаржыны біріктіріп, ор­тақ мақсатқа пайдалануға мүм­­кіндік жасалып отыр. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­сымен қолға алынған бұл бас­та­ма кең талқылауға ұсыны­лып, жан-жақты ойластыры­лып, тиімді тәсілдері қарас­ты­рылды.

Біздің елде бұрын-соң­ды болмаған тың іс-шараның жүзеге асырылуы заң жүзінде нақтыланды. Президент биылғы Жол­дау­ында «Менің тапсырмам бойынша ел тұр­ғын­дарының зей­нетақы жинағының бір бө­­лі­гін пайдалану мәселесі пы­сықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жыл­дың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың ие­лігіне береді. Үкіметке Ұлт­тық банкпен бірлесіп, осы жыл­­дың соңына дейін бар­лық қажетті нормативтік-құ­­қық­тық актілерді қабылдап, дайын­дық жұ­мыстарын жүр­гі­зу­ді тапсырамын. Бұл ре­фор­ма еңбек қатынастарын ашық әрі заң­ды жүргізіп, зей­нетақы жүйе­сіне қа­ты­суға ын­таландыра­тын пәрменді құ­­ралға айна­лады», деп атап көр­сетті. Аталған мақсатта «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының кейбір заңнамалық ак­тілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заңы аясын­да қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады. Заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зей­­нет­ақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов бас­таманың іске асырылу барысын тү­сін­діріп, зейнетақы жинағын пайда­ла­нуға үміткер азаматтар үш санатқа бөлінетінін айтты.

Оның айтуынша, біріншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рында (БЖЗҚ) жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шегінен» асатын сомасы бар жұмыс істейтін азаматтарға жинағының бір бөлігін пайдалана алатын құқық беріледі. Елімізде осындай 760 мың шамасында азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс.

Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақы жинағының 50 пайызын алуы­на болады. Бұл үшін базалық зейнетақы мен мемлекет тарапынан қосылатын зейнетақыны қоса есептегендегі сома зей­нетке шығар алдындағы табыстың 40 пайы­зынан кем болмауы керек. Мұндай қазақ­стандықтардың саны – 170 мыңға жуық. Орта есеппен әрқайсысына – жарты млн теңгеден.

Үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинағы бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді. «Жалпы, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы. Осы ретте зейнетақы жинағының негізгі мақсаты қартайған шақта тұрақты кіріс­тер­мен қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан барлық азаматқа зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере оты­рып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қарау ұсынылады. Үкімет зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайды. Бірінші кезеңде «Отбасы банкті» белгілеу ұсынылады. Барлық тетіктер ережелерде көрсетіледі. Тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту жө­нін­дегі қағидаларды Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі, емделуге ақы төлеу мәселелері бо­йын­ша Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін беру тетігін то­лығы­мен іске қосу жоспарланған», деді А.Сарбасов.  

Оңтайлы онлайн платформа іске қосылады

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 761 мыңнан аса адам зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден аса қаражат бар. «Жинағының бір бөлігін алу туралы шешім қабылдаған азаматтар Үкімет айқындайтын тұрғын үй сатып алу және емдеу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға жүгіне алады. Мұндай оператор «Отбасы банк» ТҚЖБ болады деп болжануда. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады. Бұл ретте салымшы бірден жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілдерінің бірін таңдауы тиіс.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, азаматтар ЖТС екі жолмен төлейді: жинақтарды алған кезде толық көлемде төлеу немесе мерзімін ұзарту, ЖТС зейнеткерлік жасқа жеткен кезде бөліп төленеді. Одан әрі БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының барлық критерийлерге және алу талаптарына сәйкестігін тексереді», деп түсіндірді зейнетақы қорының басшысы.

Яғни уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға зейнетақы жинақтарынан тиісті аударымды жүзеге асырады. Банк өз кезегінде бір жұмыс күні ішінде салымшының жинақтарын арнайы шоттарға аударады, онда ақша 45 жұмыс күн бойы сақталады. Егер салымшы белгіленген мерзімде қаржыны пайдалану мақсатын таңдамаса, ақша кері қайтарылады. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасын БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан білуге болады. Осынау рәсімдерді орындау үшін уәкілетті оператор ретінде Отбасы банкі белгіленіп отырғанын айттық. Сенім білдіріліп, тапсырылған істі тиімді үйлестіру үшін банк барынша ыңғайлы тәсілдерді қарастырып, жаңа жылдың басынан бастап арнайы онлайн платформаны іске қосады. Бұл жөнінде «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, онлайн платформа зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға өтініш беруге оңтайлы болмақ. Өтініш беру үшін электронды кілтіңіз болса, жеткілікті. Порталдың жұмысы өте қарапайым екен.

Онда азамат өзінің зейнетақы жинағын қандай мақсатқа жұмсағысы келетінін таңдай алады:

Бірінші мақсат – жеке баспана сатып алған кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау тура­лы келісім болуы мүмкін.

Екінші мақсат – адам жаңа үй сатып алып жатса, онда ақшасын ипотека бо­йын­ша алғашқы жарнаны төлеуге жұм­сау.

Үшіншісі – кең қолданысқа ие ипоте­ка­лық несие бойынша қарызды ішінара не­месе толық өтеу.

Төртіншісі – тұрғын үй құрылыс жи­нақ жүйесі бойынша тұрғын үйге ипо­те­калық несие алу.

Бесіншісі – қайта қаржыландыру.

Алтыншысы – тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша қарызды толық өтеу.

Жетіншісі – азаматтың зейнетақы жи­нақ­­тарының бір бөлігін мұқтаж туыс­та­рына беруі.

Сегізіншісі – емделу. Енді осылардың ішінен кейбір мәсе­ле­лер­ге нақтырақ тоқталып кеткен жөн. Өйткені көпшіліктің әлі де то­­лық тү­сінбейтін тұстары баршылық. Мысалы, кейбір азаматтарды «Зейнетақы жи­на­ғы­ның бір бөлігін үлестіруге жауапты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, яғни Отбасы банкі болғандықтан басқа банктер арқылы ипотека рәсімдеуге немесе бар ипотекасын өтеуге бола ма?» деген са­уал толғандырады. Осы ретте зейнетақы төлемдерін кез келген қазақстандық екінші деңгейлі банкте ипотека алу үшін бас­тапқы жарна ретінде немесе қол­да­ныс­тағы ипотекалық қырызды өтеу үшін де пайдалануға болатынын нақты атап өту керек.

Сонымен қатар зейнетақы жинақ­тарын жақын туыстарға талаптарда көрсетілген мақсаттар үшін пайда­лануға табыстауға болады. Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар зейнетақы төлем­де­рін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында одан әрі пайдалану үшін бірік­тіре алады. Алайда жылжымайтын мүлікті жұбайыңыздан немесе басқа жақын туыстарыңыздан сатып алуға тыйым салынады. Бұл жалған келісімдердің алдын алу үшін жасалған. Бұған қоса 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін қолданып сатып алынған жылжымайтын мүлікті оған меншік құқығы тіркелген күннен бастап 5 жыл ішінде сатуға болмайды. Бұл талап Президент айтқандай, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы пайда көрудің, алыпсатарлық амалдардың алдын алу үшін және тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне әсер етпеуі үшін қолданылады. Ал жаңа жылға дейін рәсімделген, зейнетақы төлемдері арқылы ипотекалық қарызы өтелген тұрғын үйді сатуға болады.

  Зейнетақы жинағына байыпты қарауға бастайды

Жаңа заң аясында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын инвес­тиция­лау­дың балама саясаты ұсынылады. Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агенттігі төра­ға­сының орынбасары Мария Хад­жие­ва жинақтардың бір бөлігін қаржы ұйы­мына беру мүмкіндігі қарастырылған нормалар туралы түсіндірді. Оның айтуынша, ведомство ай са­йын жоба қатысушылары өз жинақтарын акцияларына жұмсағысы келетін жеке басқарушы компаниялардың тізілімін жасайды.

Негізгі критерийлер – жеке портфельдің болуы және нарықта кемінде екі жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Егер жеке компанияның жұмысы салымшыға ұнамаса, ол саланы өзгерте алады немесе ақшасын зейнетақы шотына қайтара алады. «Зейнеткерлік жасқа жеткеннен ке­йін инвестициялық кірісті ескере оты­рып, жинақтар деректері де Ұлттық банк­тің басқаруына қайтарылады және одан әрі бұл жинақтар кесте бойынша немесе зейнетақы аннуитеті шарты жасалғанға дейін төлемдер үшін пайдаланылады. Яғни жеке басқарудағы бұл ақша зейнетақы жүйесінен шықпайды және салымшының еңбекке жарамсыз болған жаста өмірлік әрекетін қамтамасыз етеді. Бұған қоса компанияның қаржылық тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке капитал, зейнетақы ак­тив­терінің ең төменгі кірістілігі, ин­вес­­­­тициялық портфельді басқару тә­жірибесі және зейнетақы портфелі шең­бе­рінде сатып алынуы мүмкін қаржы құ­ралдарының тізбесі бойынша талаптар енгізілді. Егер басқарушы компания ұсынатын нақты кірістілік нормативтік-құқықтық акт деңгейінде белгіленетін кірістіліктен аз болса, басқарушы компания заңнама шеңберінде салымшыға өз қаражаты есебінен туындаған айырманы өтейтін болады. Бұл бір жағынан салымшы үшін қосымша кепілдік белгілеуге, екінші жағынан инфляция бойынша мемлекет кепілдіктерін іске асыру бөлігінде бюд­­жеттің әлеуетті міндеттемелерін қыс­қар­туға мүмкіндік береді», деді М.Хаджиева. Түптеп келгенде, бұл Президент айтқандай, еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады деп сенеміз.

https://egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521