АСТАНА. KAZINFORM – Заңсыз шетел асқан активтерді қайтару – біраздан бері айтылып жүрген өзекті мәселе. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу кезінде капиталды елге қайтару және оффшорға қаржы шығаруға тосқауыл қоюға қатысты нақты тапсырма берді. Сонымен қатар Президент ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның қолына жинақталғанын да жария еткен еді. Содан бері активтерді қайтару бағытында ауқымды шешімдер қабылданды.
Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауы өзгеріп жатыр
Биыл қыркүйек айында Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысына активтерді қайтару мәселесі туралы баяндады. Сол кезде екі жыл ішінде прокуратура органдары арқылы 850 миллиард теңгенің активі қайтарылғаны айтылды.
Ал жақында Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінен келіп түскен ақпаратқа қарағанда, бұл қаражат сомасы едәуір артқанын байқадық.
- Жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын ұрланған және шетелге шығарылған активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданып, оның 1 трлн теңгеден астамы мемлекет пайдасына нақты түсті, яғни 928,6 млрд теңгесі қаражат түрінде, ал 107,7 млрд теңгесі мүлік түрінде қайтарылды. Тек мүлік пен қаржыны қайтарып қана қоймай, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның субъектілері жалпы құны 5,2 трлн теңгені құрайтын ірі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды кезең-кезеңімен іске асырып жатыр. Қайтарылған қаражат есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларында, сондай-ақ коммуналдық және инфрақұрылымдық нысандарды жаңғырту бағытында бүкіл ел бойынша, әсіресе шалғай елді мекендерде 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды, - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.
Атап айтқанда, елді мекендердің маңызды инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 227 су жүйесі нысаны, 183 - медициналық мекеменің, 11 - білім беру саласындағы нысанның, 5 - спорт нысанының, 8 инфрақұрылымдық нысанның құрылысы және реконструкциясы басталды. Қысқа мерзім ішінде 151 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 99 денсаулық сақтау объектісі, 48 - су жүйесі объектісі, 2 білім беру және 2 спорт нысаны бар.
Айтпақшы, ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын енді инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп өзгерту жұмыстары жүріп жатыр. Еске салсақ, биыл күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында осындай ұсынысын жариялаған еді.
— Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек, — деді Мемлекет басшысы.
Бұл өзгеріс бизнесті белсенді қолдау үшін жасалып отыр. Жаңа формат инвестицияға оңтайлы жағдай жасап, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
- Қазіргі уақытта Комитеттің атауын Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп өзгерту, оның ережесі мен функцияларын бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр, - деп нақтылады Бас прокуратура.
Қайтарылған активтерді кім басқарып жатыр?
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін 2023 жылғы 9 қазанда Арнаулы мемлекеттік қор ашылды. Қор – ҚР Бюджет кодексіне сәйкес Қаржы министрлігінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ еліміздің заңнамасында айқындалған тәртіппен активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақшаның түсімдері мен шығыстарын есептеу үшін ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты. Аталған қордағы қаражаттың түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі жыл сайын жариялауға тиіс.
- 2025 жылғы 19 желтоқсандағы жағдай бойынша Қор қаражаты 2,8 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, жалпы түсімдер - 498,9 млрд теңге, ал шығындар - 496,1 млрд теңге. Қор қаражатын бөлу мәселесі орталық мемлекеттік органдардың ұсынысымен Республикалық бюджет комиссиясында (РБК) міндетті түрде қарау арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, РБК шешімдері бойынша еліміздің барлық өңірінде білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, спорт, көлік және басқа да салалардағы әлеуметтік жобалар қаржыландырылды, - делінген Қаржы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Жобаларды іске асыруды бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады. ҚР Бюджет кодексінің 69 және 41-баптарына сәйкес, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы Қор қаражаты Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сай жұмсалмағанына жауаптылықта болады.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (Басқарушы компания) қолданыстағы заң аясында мемлекетке қайтарылған, өтеусіз негіздегі келісімшарттар шеңберінде берілетін активтерді, олардың ішінде Қазақстан Республикасында әрі одан тыс жерлердегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарын қабылдау бойынша жұмысты жүргізіп келеді. Тиісті заң бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылдың 5 қазандағы №1061 «Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен қайтарылған активтерді басқару тәртібі бекітілді. Бұған сәйкес активтерді сату қорды толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және бұл активтерге иелік етіп отырған басқарушы компанияның негізгі мақсаты саналады. Осы орайда активтер сатылғанға дейін мүлікті жалға беру, сенімгерлік басқаруға өткізу сынды активтерді басқару тәсілдері қолданылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ еліміз бен актив орналасқан мемлекеттің заңдарына қайшы келмейтін басқарушы компания белгілеген өзге де тәсілдер қарастырылуы мүмкін.
Ерікті түрде қайтарылған активтер заңсыз деп танылмайды
Таяуда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Құжатта заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруды реттейтін заңдардың ережелері қайта қаралып, жетілдірілді. Енгізілген түзетулер заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қосымша қорғалуына оң әсерін тигізеді.
Бұл тұрғыда мынадай түзетулер енгізілді:
заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөніндегі шаралардың нәтижелерін, олардың мемлекет пен азаматтардың мүддесіне пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялау міндетін енгізу;
ұлттық экономикаға, әлеуметтік-мәдени объектілердің құрылысына қаражатты инвестициялауды немесе әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін келісімдерге қатысты нормаларды егжей-тегжейлі регламенттеу;
келісімдерді жасау нәтижесінде ерікті түрде қайтарылған немесе мемлекет кірісіне берілген активтерді заңсыз деп танылмауды белгілеу.
Ұсынылған түзетулер заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша шаралардың тиімділігін арттыруға және құқық қолдану практикасындағы екіұштылықты жоюға бағытталған.


