«Уақытында тапсырғымыз келеді»

(0 Votes)

«Amanat» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ақынжан Хусаинов пен Оразғали Алғаязов партиялық бақылауда тұрған нысандар – Еңбекші ауылдық округіне қарасты Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үй мен Құрманғазы ауылдық округі РТС ауылындағы 600 орындық  «Жайлы мектеп» құрылысында болып, жұмыс барысымен танысты. 

60 пәтерлік үйдің терезелері салынып, сырты кірпішпен қапталып, сәні кіріп қалыпты. Біз барғанда мұнда инвестор «НКОК Н.В» компаниясының өкілі Әділхан Байкенжеев мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС директорының орынбасары Ержан Тілегенов, «Батыс эксперт инженеринг» ЖШС техникалық бақылаушысы Қайрат Юсуповты қасына ертіп, құрылыс басын аралап жүр екен. Жылы қарсылап, «Amanat» партиясының  осындай нысандарды бақылауда ұстағаны тиімді екенін жеткізді.

– Қазір құрылыстың 90 пайызы біте келді. Алпыс пәтерлік үй 30 үш бөлмелі, 30 екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бүгінде соңғы кіре берісінің (подъезд) жұмыстарын жасап жатырмыз. Басқа жерлері сырланып, әктеліп, линолеум төселіп, есік, терезелері орнатылып болды. 56 адам жұмыс жасауда. Алғашқы жобасында лас су ағатын құдық (септик) қаралмаған екен, кейін енгізілді.  Абаттандыру, лас су ағатын құдық, ауыз су, электр, газ желісін тартумен, абаттандырумен  мердігер мекеме «Еламан ойл» ЖШС айналысады. Соларды ішке кіргізіп берсе екен. Уақытында тапсырғымыз келеді. Осы мердігер тездетіп алдындағы бордель, тас төсеніштерін (брусчатка) төсеп, жан-жағын абаттандырса біздер терек пен газон егер едік. Әйтпесе жұмыс созылып кетеді. Ертең уақыты келгенде бізден тапсыруды сұрайды. Сондықтан «Еламан ойл» ЖШС жұмыс қарқынын арттырғанын қалаймыз. Мұны біз жоғары тұрған орындарға да айттық. Сіздер де қозғау салыңыздар. Облысқа барғаннан соң тағы да көтереміз, – деді инвестор «НКОК Н.В» компаниясының өкілі Әділхан Байкенжеев. 

Алпыс пәтерлі үйдің ішін аралап шықтық. Бөлмелеріне төселген линолеум жарқырап, қабырғалары аппақ болып, терезелерінен жарық төгіліп көз тартады. Шаң баспас үшін қабырғаға есіктер  сыртындағы целлофанымен салынған. Әрбір пәтердің  ас үйінің қабырғаларына автоматты газбен жылыту қазаны орнатылыпты. Жылы  және салқын су құбырларын сырттан қоса қою ғана қалып тұр. Балкондары да әдеттегіден үлкен көрінді. Енді кіре беріске домофондар бектіледі.

РТС ауылындағы «Жайлы мектептің» де сырты қапталып, терезелері түгелге жуық орнатылған. Нысанның  бас мердігері «Каспий Құрылыс LTD» ЖШС, тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ. Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС. Прораб Жасұлан Ерғалиевтің айтуынша мектеп құрылысында жұмыс жасап жатқан 112 адамның 60 пайызы жергілікті тұрғындар. 

– Пластик терезелерді орнатып болдық, енді алюмений терезелерді қондыру қалды. Майлау, әрлеу, инженерлік жұмыстар, төменгі қабаттың еденін құю жұмыстары жалғасуда. Лифт қондырылуда. Жұмыстың 60 пайызы аяқталды. Еденге кафель төсегенде екі аусымда жұмыс жасайтын боламыз. Материалдар жеткілікті, жалақы аздап кешіккенімен уақытында берілуде, – дейді прораб Жасұлан Ерғалиев партиялық бақылау комитеті мүшелерімен әңгімесінде. Айтуынша «Жайлы мектеп» осы жылдың үшінші тоқсанында тапсырылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT