Атырауда нәрестені тоңазытқышқа салып өлтіру фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Күдіктілер қамауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Атырау облысы перинаталдық орталығының қызметкерлері (жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтіруге қатысы бар күдіктілер – ҚазАқпарат) қамауда. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Жақын арада тергеу аяқталады. Барлық сараптамалар, мамандардың қорытындысы алынды. Іс прокуратура арқылы сотқа жіберіледі», - деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айының соңында Атырау облысында перинаталдық орталық басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.
Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа туған баланы өлтірді деген күдіктіге, Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігеріне қатысты, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты тергелетін қылмыстық істің барысы туралы айтты. Сенбі күні Атырау облысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының жетекші мамандары келді. Олар облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне көмек көрсетеді.
Дүйсенбі күні Атыраудағы перинаталдық орталықта жұмыс істейтін 35 медициналық қызметкердің 31-і жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, Атырау облысының әкімі облыстық перинаталдық орталықтағы шақалақтың өліміне қатысты түсініктеме берді. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атыраудағы медқызметкерлермен болған жағдайға байланысты пікірін білдірді.
inform.kz