Табыс декларациясын тапсырудың тәртібі өзгереді

(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM –Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында табыс декларациясын тапсырудың тәртібі өзгеретінін айтты.

 - Мәжілісте сіз алдағы 5 жылдың көлемінде міндетті табыс декларациясы қолданыстан алынуы мүмкін екенін мәлімдедіңіз.

Оның алғашқы қадамы табыс декларациясын алдын ала автоматты түрде толтыру режимін енгізу болатынын айттыңыз. Бұл бүкіл азаматтардың табыс декларациясынан бас тартасыздар деген сөз бе? - деп сұрады журналист.

Ержан Біржанов Қаржы министрлігінің немесе Қазақстан Үкіметінің жеке қалауы емес екенін, әлемдегі тәжірибе осылай ойысып жатқанын айтты.

  - Жаңа Салық кодексінде декларацияны алдын ала автоматты түрде толтыру элементі қарастырылған. Келесі жылдан бастап шағын бизнеске осындай мүмкіндік ұсынамыз. Әрі қарай осы функцияның аясын кеңейте береміз. Ал ірі бизнеспен «көлденең мониторинг» жобасын қолға алғанбыз. Ірі бизнес бізге ішкі есептерінің бәрін, құжаттарын тапсырады. Сол арқылы бүкіл деңгейдегі операциялардың мазмұнын түгел көре аламыз. Осының арқасында декларация тапсырудың қажеті де болмай қалады. Қазір бизнеспен жобаны салық төлеушілердің басқа санаттарына да қолдану бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Егер бәрі цифрлық форматта болса, онлайн құжат алмасуды жолға қоя алсақ, декларация тапсырудың қажеті өздігінен жойылады, - деді Ержан Біржанов.

Сондай-ақ, ол алдын ала толтырылған декларацияны салық төлеушіге мемлекеттік кірістер қызметінің өзі ұсынатынын айтады.

- Біз басқа мемлекеттік органдардан, ұйымдардан деректер жинап, салық төлеушінің өзіне көрсетеміз. Бұл бір қызметтің түрі деуге де болады. Салық төлеуші осы алдын ала толтырылған декларацияның растығымен келісе де алады, түзете де алады. Бұл жерде біз салық төлеушінің рөлін өзімізге толық аламыз, кейін ол декларация өзгертілмейді деген сөз емес. Салық төлеуші «жоқ, мына көрсетілгенді табыс деп есептемеймін» деп те айта алады. Осылай түзету енгізе алады, - деді вице-министр.

Бұған дейін ол жыл соңына дейін саяси қызметшілер салық декларацияларын жариялайтынын айтқан еді.  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT