ҚАЙ ДӘУІРДЕ БОЛСЫН ҰСТАЗДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ, МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ. АДАМ ЖАНЫНЫҢ НӘЗІК ИІРІМДЕРІН ТҮСІНІП, ШӘКІРТ БОЛМЫСЫН ДӨП БАСЫП ТАНЫП, БОЛАШАҚТЫҢ БАҚШАСЫНА ЕГІН ЕГЕТІН ДЕ, МӘУЕЛІ БАҚТЫҢ БАҒБАНЫ ДА – ОСЫ ҰСТАЗДЫҢ ҰЛАҒАТЫ, ШЫДАМДЫЛЫҒЫ МЕН ШЕБЕРЛІГІ, ПАРАСАТЫ МЕН ДАНАЛЫҒЫ. ӘРБІР ҰСТАЗ – ӨЗІНІҢ БІЛІМІ, БІЛІГІ, ЖҮРІС-ТҰРЫСЫ, ЖАЙДАРЫ МІНЕЗІ, ТІПТІ СЫРТҚЫ КЕЛБЕТІ, БЕТ-БЕЙНЕСІМЕН ДЕ ШӘКІРТКЕ ҮЛГІ ҰЛАҒАТ ИЕСІ. МІНЕ, ООСЫНДАЙ ҰСТАЗДАРДЫҢ БІРІ, ӨЗ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ТУЫН ЖЫҚПАҒАН, 40 ЖЫЛДАН АСТАМ ЕҢБЕК ӨТІЛІН МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА ӨТКІЗГЕН БІЛІКТІ ПЕДАГОГ – НУРИЯ ЗИНЕДЕНҚЫЗЫ ШАЙХИЕВА. ЕҢБЕК ЕТТІ.
Ардагер ұстаздың білім саласында атқарған еңбектері бір әңгімеге арқау боларлықтай. Өскелең ұрпаққа өнегелі өсиеті мен үлгілі сөзін, қадірлі қызметін қалдырған, бүгінде зейнеткерліктің жемісін көріп отырған Нурия апайдың әкесі Шайхиев Зинеден аудан, облысқа белгілі дәнекерлеуші, анасы Зұлхия дәрігер болып еңбек етті.
Отбасында бес баланың үлкені Нурия ата-әжесінің бауырында өсіп тәрбиеленді. 1968 жылы Орлы ауылына қарасты Н.Манаев атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданып, 1978 жылы осы мектепті бітіріп шықты. Ұстаздықты жанына жалау еткен ол мұғалім боламын деген ойынан танбай Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1983 жылы тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын жас маман ауданымыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен бастады. Аз ғана уақыт ішінде жас маман мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мамандықтың қыр-сырына қанығады. Сөйтіп ұжым ортасында беделді мұғалім атанады.
«Ойлап қарасам мұғалімдікке кездейсоқ келмеген екенмін. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде білімге дeген құштарлығым сусынға шөліркеген жанның ұмтылысындай еді… Сонда ұстаздарымыздың айтқанын екі етпейтін едік. Сөйтіп жүріп бала оқыту, тәрбиелеу, педагогтың қажырлы еңбегі арманыма арқау болды. Алғашқы ұстазым Құрмет апайдың, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиет пәнінен берген мұғалімім Әдиет Өтебаев ағайдың мен үшін орындары ерекше. Өзім еңбек жолын бастаған Ы.Алтынсарин мектебін бүгінде алғашқы шәкірттерімнің бірі Алтын Қаменова басқарып, жетістіктерімен қуантуда», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
1985 жылы Нурия Зинеденқызы өзі оқыған Орлы орта мектебіне ауысып, зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін табан аудармастан жемісті еңбек етті. Әріптестері арасында мол тәжірибесімен бөлісе білді. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Кейінгі жас мамандарға жақсы жетекші болды. Өзі де білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдаудан аянып қалған емес. Оның бір дәлелі – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған мұғалімдер арасындағы қашықтық интернет олимпиадасына қатысып, жүлделі І орынды қанжығасына байлады.
«Мен өзімді осындай қасиетті мамандық иесі болғаным үшін бақытты сезінемін. «Ғалым да, шахтер де білім алып бас иетін» ұстаз кәсібінің жауапкершілігі қай жерде де мол. Тіл мен әдебиет пәнінің маманы ретінде күнде таңертең жандары алдарыңда ашық тұрған дәптердің ақ парағындай кіршіксіз, жанарларына нұр ойнап алдына келіп отырған әр шәкіртімнің бойындағы қабілетін, дарынын ашып, болашаққа нық сеніммен аттандырып салу – менің басты міндетім болды. Бұл парызымды абыроймен атқардым деп ойлаймын. Оның куәсі – республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттерім. Олардың ішінде ұстаз бен дәрігер, заңгер мен кәсіпкер, журналист пен әртіс, егінші мен есепші, талай-талай мамандық иелері бар. Міне, ұстаз еңбегінің қасиеті – өзі жетпеген биіктерге шәкірттері жетеді, өзі алмаған асуларды да олар бағындырады. Мектепте ұзақ жылдар бойы директор болған Амангелді Хилауов, Абат Ерғалиев, Бауыржан Мусаев, Марат Бисенғалиев сынды басшылармен қызметтес болдым. Алдымен пән мұғалімі, кейін бірлестік жетекшісі, сынып жетекші, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Аудан, облыс бойынша шығармашылық мұғалімдер тобында болып, көмек беру, баға беру жұмыстарына қатыстым. Республика бойынша пәндерді тереңдетіп оқыту бағдарламасы іске қосылғанда ауданда алғашқы мұғалімдердің бірі болып қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқыту сыныптарына сабақ бердім. Алматы қаласында тереңдетіп оқыту бағдарламасы бойынша республикаға белгілі ұстаз Қ.Бітібаеваның курсында білімімді жетілдіріп, жаңартылған бағдарламаны жасауға атсалыстым» дейді. Уақыт, шіркін, кімге тоқтау болған?! Мұғалім болуды арман еткен, бүгінде ел арасында шәкірт махаббатына бөленген бейнетті еңбектің зейнетін көріп отырған кейіпкеріміз өзінің ұстаздық жолын ой елегінен осылайша өткізеді.
Иә, мұғалім алдынан бір-біріне ұқсамайтын, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар шәкірттер өтеді. Әр баланың жан дүниесін танып білу, әрі жеке тұлға етіп қалыптастыру – педагог үшін басты міндеттердің бірі. Ұстаздық қызметіне қай уақытта да адалдық танытқан, 40 жыл мұғалім болса да, 45 минуттық сабағына жанкештілікпен дайындалып келетін, алдында отырған оқушыларын өзінің ұл-қыздарынан артық көрмесе, кем көрмейтін Нурия апайдың тіл жанашыры ретінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман атануы – Тәңірінің маңдайына жазған ең ұлы сыйы. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты» деген халық даналығынан ұстаздың қоғамдағы орнымен қатар, шеберлігін, өмірлік ізденісін, ұлы мұрат жолындағы игілікті миссиясын айқындайтын құндылықты аңға- руға болады. Дарынды, шығармашыл, талантты әрі талмай ізденіс жолында жүретін көкірегі ояу, жаңашыл ұстаздан білім алған ойлы шәкірттің санасы сергек, рухы биік болары хақ. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағалы. Осы тұста Нурия Зинеденқызының ауыз толтырып айтар жетістіктері баршылық. Ерболат Қаменов, Айдос Қарабала, Назгүл Тауышева, Назерке Жексенбаева сынды дарынды оқушылары облыстық, республикалық олимпиада, байқауларда топ жарып, университеттердің мемлекеттік гранттарын жеңіп алды.
Жүзінен жылылық сезілетін Нурия апай өзінің білімдарлығымен, салмақтылығымен, әр сөзін жүректен шығарып, жүрекке жеткізетін сезімталдығымен, әр сабағын қызықты да тартымды өткізетін шеберлігімен ерекшеленетін. Шәкірттерінің жан дүниесін түсінуге тырысып, сыныптағы әр оқушының мінез-құлқын, оның ерекше қасиеттерін, жанұядағы жағдайын да біліп отыратын. Оның ғұмырында шәкірттері тебірене айтатын, жыр ғып төгетін мағыналы, мәнді өмір өткелдері қаншама?! Апайым өзіммен бірге оқыған сыныптастарыма жетекшілік етіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол кісінің ең басты талабы оқушыларды көркем әдебиет оқуға қалыптастыру болатын-ды. Каникул сайын оқыған кітабымыздың мазмұнын айтып, алған әсерімізді жеткізетінбіз. Міне, мұғаліміміздің осы талабының арқасында кітаппен айнымас дос болдық. Оқыған кітаптарымыз өмірлік азығымызға айналды. Оның жолын қуған шәкірттері де жетерлік. Бір ғана біздің сыныптан 8 қыз осы мамандықты таңдап, бүгінде абыройлы еңбек етуде. Апайымыздың өлшеусіз еңбегі басшылық тарапынан да лайықты бағаланды. Аудандық білім бөлімі, кәсіподақ ұйымы, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2016 жылы облыстық мәслихат төрағасының, 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен ұлығылынды.
Әр адамның өмір жолы – бір тарих. Алайда дара жолын тауып, өз қолтаңбасын қалдыру – әркімнің өз еншісінде. Бұл тұрғыдан алғанда Нурия Зинеденқызы ізгі мұратына жетті деуге болады. Өйткені, бар болмысымен бала бағбаны атанған ардақты тұлға хакім Абай айтпақшы, дүние кетігіне кірпіш болып қаланды.
Айнагүл КҮНҰЗАҚҚЫЗЫ