Жеңіс күнін майдан даласында қарсы алған жауынгер ауылына бірден орала қойған жоқ. Қазақ солдатына Украина елінде 1947 жылға дейін әскери борышын өтеуіне тура келеді. Содан соң елге оралып, жұмыс талғамады. Алдымен қазіргі Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарыпты. Кейін 1984 жылға дейін Коминтерн ұжымшарында, Киров, Октябрь кеңшарларында бақташы болып жұмыс істеді.
Жауға қарсы шайқаста ерлік көрсеткен Исім Қойшиев бейбіт өмірде де батылдығымен танылды. Соның бір дәлеліндей, көлікпен су айдынындағы мұз астына түсіп кеткен 3 адамды құтқарып қалған. Дәл осы батылдығы үшін «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалімен марапатталған.
Жиырма жасқа толмай соғысқа аттанған майдангер 2003 жылы өмірден өтті. Бір жыл бұрын майдан даласында қолданған жауынгерлік сөмкесін Құрманғазы аудандық музейінің қорына тапсырған екен. Майдангер сөмкесіне адастырмайтын бағдар көрсететін компасын, ботқадан дәм татқанда қолданған қасығын ұдайы салып жүрген. Қиын күндердің куәсіндей болған бұл жәдігерлер енді музей қорында сақтаулы тұр.
Атырау облысы