Атыраудағы NIS-те тұңғыш рет желілік хакатон жарысының мектепішілік кезеңі өткізілді.
Командалық жарыста қатысушы оқушылар 7-8-9 сыныптар арасындағы кіші және 10-11-12 сынып оқушылары арасындағы үлкен топ мүшелері боп, бақ сынасты. Топтық жарыс қатысушылары ұсынған жобалары арқылы мектеп деңгейіндегі түрлі түйткілді шешуге мүдделі.
Әсіресе, мектептің кей өзекті мәселелерін автоматтандыру жүйесі арқылы жеңілдетуге ниетті. Тіпті, талантты оқушылар тамақ қалдықтарын қалай және қайда жөнелту қажеттігіне, мектеп оқушыларының үлгерімін тексеру программасын құруға, сабақта, сондай-ақ, емтихан кездеріндегі қимыл-қозғалысты, белсенділікті бақылауға арналған жүйе ойлап табуға, smart кабинеттер жасақтауға да жіті көңіл бөліп, ден қойған.
– Барлық ыңғайлылықты қалыптастыруға біз де осы тың идеяларымыз арқылы үлес қосқымыз келеді. Мәселен, мұғалім кабинетке кірген бетте техникалар автоматты түрде, өздігінен жұмыс жасап кететіндей ақылды сыныптар жасақтау ойымызда бар. Бастысы, бұл жобаларымызды құнттап, қолға алудамыз. Әрі қарай да біраз еңбектенуге ниеттіміз, – дейді білімді оқушылар.
Мектепішілік кезеңде топ жарған екі команда енді Астанадағы желілік кезеңде бақ сынамақ. Ұжым атынан сәттілік тілейміз.