Бұл тұрғындарға мемлекеттік қызметті алу кезінде қолайлы қызмет көрсетуге арналған, арнайы жабдықталған талаптарға сәйкес келетін әкімдіктің өзіндегі немесе жеке ғимараттағы орын.
Сервистік әкімдіктің қағидаттарына ашықтық, қолжетімділік, тұтынушыға бағдарлану, есептілік жатады. Оған қойылатын бірқатар талаптар бар. Оның қызметін жүйелі түрде жүргізу үшін олар орындалуы міндетті. Төменде сол талаптарға кезек-кезегімен тоқталайық.
Бірінші талап етілетіні бір орынға орталықтандыру, яғни әкімдіктің ғимаратында немесе бөлек ғимаратта тұрғындардың сұранысына ие мемлекеттік қызметтерді көрсетуші мамандар шоғырландырылады. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмысқа орналастыру, білім беру, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы және т.б. Бұл аталған мемлекеттік қызметтерді алуда тұрғындардың уақытын үнемдеуге тиімді.
Екіншіден ғимараттың материалдық қамтылуы, яғни оған орналасатын мамандардың жұмысын толықтай орындауына жағдай жасау, ұйымдастыру техникаларымен, жиһазбен,байланыспен, басқа да құралдармен қамту.
Үшіншіден мұнда жоғарыда аталған салалар бойынша мемлекеттік қызметті көрсете алатын білікті мамандар шоғырландырылуы тиіс.
Төртіншіден келушілерге қолайлы жағдай туғызу үшін олар отыратын ыңғайлы орындармен, сумен, Wi-Fi желісімен, жайлы климатпен, әжетханамен, балалар алаңымен қамтылуы керек.
Бесінші талап электронды кезекке қоюды, талон беру мен таблоны ұйымдастыру жатады.
Алтыншыдан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы болуы қажет. Бұған келушілердің мемлекеттік қызметті өз бетінше алу орнын ұйымдастыру кіреді.
Жетіншісі – қолжетімділік, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, пандустар, тұтқалар, шақыру батырмасын, арнайы әжетхана кабинасын және т.б. орнату.
Сегізінші талап – безендіру. Келушілер қандай қызметтер көрсетілетінін білуі үшін мұнда көрнекі жерге ақпараттық бұрыштар мен стендтер қойылады.
Тоғызыншы талап – адамдар сервистік әкімдік қай жерде орналасқанын адаспай табуы үшін оған бағыт сілтейтін арнайы «ASHYQ AKIMDIK», «ХАЛЫҚ КЕҢСЕСІ» сияқты маңдайшалар немесе сілтеме болуы міндетті.
«Атырау Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі