Серік Шәпкенов Атырау облысының су басу қаупі бар аумақтарына аэровизуалды тексеру жүргізді

(0 Votes)

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірге өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу үшін жүріп жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы ұшу барысында Қызылқоға ауданындағы Миялы және Сағыз ауылдарындағы су басу қаупі бар аумақтарды аралады. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, наурыздың 18-інен бастап Миялы ауылында кезекшілік ұйымдастырылған. 23 наурыз күні еріген судың салдарынан ауыл етегіндегі Қарасу жырасында су деңгейі күрт көтеріліп, көпір құрылысы уақытша тоқтатылды.

Қазіргі уақытта еріген су айналма жолдың бойындағы дренаж жүйесі арқылы кедергісіз ағып жатыр. Су тасқынынан қорғау мақсатында Миялы ауылы маңында, айналма жол бойында, Сағыз-Миялы-Қарабау тас жолында қосымша су бөгеттері салынуда. Қызылқоға ауданында су тасқынына дайындық аясында 2023 жылы 26,5 шақырым бөгет салынса, 2024 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында қосымша 2,7 шақырым бөгет салынды.

Аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұровтың айтуынша, бөгеттердегі кезекшілікке жергілікті тұрғында да араласуы қажет.

- Тек Миялы ауылына ғана емес, тасқын су келетін елді мекендердің бәріне де бөгет салу қажет. Жауапкершілік тек аудан, округ әкімдеріне немесе құзырлы органдарға ғана жүктеледі деген түсінік дұрыс емес. Әлеуметтік желілерде жазып, бірақ ортақ іске атсалыспайтындар бар. Тұрғындар да бөгеттердегі кезекшілікке тартылуы тиіс. Мүмкін болса, облыстан адам жіберіңіздер,- деді. Өз кезегінде Серік Шәпкенов көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына облыстық әкімдіктен қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

- Аудан әкімінің сұранысымен көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына облыстан техника берілді. Жақында ауданға жеткізіледі. Бөгеттерді бөліктерге бөліп, әрқайсысына жауапты адам тағайындап, 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе қадағалап, жүргізген жөн. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі,-деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Ұшу барысында Қызылқоға ауданына келуі мүмкін еріген судың мөлшерін анықтау үшін жақын маңдағы Ақтөбе облысының аумағы да тексерілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT