Серік Шәпкенов: «Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы баяу жүріп жатыр

(0 Votes)

Облыс әкімі Серік Шәпкенов республикалық маңызға ие «Атырау-Астрахан» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы облыс орталығынан Ресей Федерациясына дейінгі жол құрылысын көлікпен жүріп өтіп тексерді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Серік Шәпкенов жол құрылысының 4 учаскесі бойынша нысандарды аралап, жауапты мердігер компания өкілдерімен кездесті.

astraxan4

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындар үшін аса қажетті көлік жолының мәселесіне ерекше назар аударып, нақты тапсырма берді. Мен жерлестеріме осы құрылыс жұмыстарының барысын бақылауыма алатынымды уәде бердім. Кесте бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кідіріс барын апта сайын маған берген мамандардың есебінен көріп, сапар барысында осыған көзім жетті. Мұндай жұмыс қарқынымен кестеде белгіленген межеден кешігесіздер. Ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, тиісті шараларды қабылдаңыздар, - деді С. Шәпкенов.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, 217 шақырым жолдың 54 шақырымына негізгі төсем салынса, 45 шақырымына қара қиыршық тас төселген.

astraxan2

- 22 шақырымына бір қабат асфальт-бетон төселді. Соның ішінде 20 шақырымы пайдалануға берілді. Құрманғазыдан бері 833 шақырымнан бастап 12,5 шақырым және Жанбай мен Аққыстау арасындағы 7,5 шақырым жол ашық. Енді Жанбаймен Аккыстаудын арасын таяуда 10 шақырымға жеткізіп, пайдалануға береміз. Осы айдың соңына дейін Жанбай мен Аққыстаудың арасындағы 20 шақырым жол толығымен ашылады. Сонда тамыз айының соңына дейін төменгі қабаты төселіп, барлығы 35 шақырым жолды ашу жоспарланған,-деді ол.

Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, жол төсеу жұмыстарына қажетті материалдардың жетіспеушілігі бар.

astraxan3

-Мердігер мекемелер жеткізушілерге ақшасын төлегенімен, қажетті инертті материал жеткіліксіз екені анықталды. Сонымен қатар, битум жеткізу мәселесі де қиындық туғызып тұр. Жалпы учаскелер бойынша техникалар және жұмыс күші жеткілікті, - деді Б. Айтбаев.

Серік Шәпкенов салаға жетекшілік ететін орынбасары Қайрат Нұртаевқа жол құрылысы жұмыстарындағы қиындықтарды салалық министрліктермен бірлесе шешуді тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT