Соңғы уақытта жастардың арасында саяхатқа деген қызығушылық күн санап артып келеді. Қазір қалтаңызда қаржыңыз және бос уақытыңыз бос болса, саяхаттауға мүмкіндіктер өте көп. Қалай, қайда барамын деп бас қатырғыңыз келмесе, дайын тур агенттерінің көмегіне жүгінсеңіз болады, оны қаламасаңыз өз бетіңізше сапарға шығып, әлем аралауды жалғыз-ақ бастай аласыз. Алайда, саяхатқа алғаш шығатын жандардың әсіресе, жастардың ойында түрлі күмән, таңдау тұратыны анық. Дайын турды сатып алу немесе тәуелсіз өз бетінше саяхаттау. Осы ретте тур гиді Арай Амангелдиева саяхаттаудағы ескере кететін дүниелерді айтып, өз тәжірибесімен бөлісе кетті.
“ГИД БОЛУ МЕНІҢ ӨМІРІМДЕГІ ДҰРЫС ШЕШІМДЕРДІҢ БІРІ БОЛДЫ”
-Жалпы гид болып жұмыс істеп жүргеніме ұзақ уақыт болмады. Осыған дейін мүлдем басқа жобалармен аналысып, солардың басы-қасында жүргендіктен, мен үшін осы тур өмірімдегі тың жобаларың бірі болды. Саяхаттағанды бала кезімнен ұнатқаныммен, гид болып жұмыс істеу ешқашан да ойыма келмепті. Бірақ, дәл осы турда гид болып, өз ортамнан басқа ортаға келгенім мен үшін ең дұрыс шешімдердің бірі болды.
“ТУРДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІГІ ОЛ-ҚОЛАЙЛЫЛЫҚ
-Жұмысы бастан асатын адамдар болады, олардың қонақ үй іздеу немесе көлік жалдау, тамақ деген секілді мәселелерді қарастыруға уақыты болмауы мүмкін. Ал, турдың қызметіне жүгіну арқылы турист көп нәрсені ұтады. Яғни, дайын көлік, жайлы қонақ үй, экскурсия жоспарлары және тамақ. Туристің бар жасайтын ісі ол-туристік компанияға жолығып, келісіп, белгілі бір келісімшарттағы сумманы төлеу ғана.
“САПАРДЫҢ ТАҒЫ БІР АРТЫҚШЫЛЫҒЫ ОЛ-ЖАҢА ТАНЫСТЫҚТАР
—Танымайтын бөгде адамдармен сапарға шығу оларды жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Жаңа таныстық орнату арқылы, адамдармен ортақ қызығушылықтарың пайда бола бастайды. Достарыңмен болса, онда тіпті керемет дер едім. Себебі, адамды танығың келсе, сапарға бірге шық деген сөз бар ғой. Мен оған сенемін. Расымен де, сапарда адамдарды басқа қырынан танисың, ашыласың, онымен шынайы бола түсесің. Тіпті, турдан болашақ жарыңызды кездестіріп қалуыңыз да әбден мүмкін дер едім.
“ТУР АГЕНТТІКТЕР СІЗ ОЙЛАҒАНДАЙ ҚЫМБАТ ЕМЕС”
– Көбісінде тур агенттіктер жайлы дұрыс емес ой қалыптасып қалған. Яғни, турмен саяхаттағаннан гөрі жеке, тәуелсіз саяхаттауда шығын аз болады деп ойлайтындар бар. Тіпті, турдың бағасымен тәуелсіз сапардың ақшасын есептеп, салыстыратындар да аз емес. Мысалы, біздің үш күндік Көлсай, Қайыңды, Шарын, Бартоғайға арналған турымыздың бағасы 22 990 тг. Бұл бағаны көп көретіндер де бар шығар. Әрине, қаржылық сауатты болу, үнемдеп үйрену дұрыс. Алайда, қаржыдан да басты орында тұратын нәрсе бар. Ол-денсаулық, қауіпсіздік. Дайын турлардың артықшылығы сіз баратын жеріңізге қонақ үйден машинамен немесе автобуспен барасыз. Яғни “қалай тез жетсем болады, таксисттерден қорқамын” деген үрей болмайды. Сонымен қатар, дайын қонақ үйлер болады. Қонақ үйде таңғы ас пен кешкі ас кіреді, сонымен бірге сіз билеп көңіл-көтересіз, ойындар ойнайсыз.
“КЕМШІЛІКТЕРІ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС”
Дайын турлардың да кемшілік тұстары да бар. Мысалы, сіз жоспарлаған күні болмай, турдың уақыты, бағдарламасы белгілі бір себептерге байланысты ауысып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, бағдарлама түгел бір топқа арналып құралатындықтан, жеке саяхаттаймын, жеке бір өзім жүремін деген мүлдем болмайды. Қандай жағдай болса да, топпен бірге жүріп, бірге тамақтанып, сапар бойы 24/7 бірге боласыздар. Тамақ жағы да кейде мәселе болып жатады. Мысалы, қонақүйде сіз өзіңіз ұнатқан тағамды емес, турда бекітіліп қойған тағамды жеуге тура келеді. Біреу, таңғы аста күріш ботқасын ұнатпаса, біреу сүйсініп жеуі мүмкін деген секілді. Ондай жағдайларда туристердің көңілінен шықпайтын кездер болуы да ғажап емес.
“ТАУҒА ШЫҒАТЫН ЖАСТАР САНЫ АРТЫП
ЖАТҚАНЫ ҚУАНТАДЫ”
—Байқағаным, соңғы уақытта жастар арасында тауға шығу, табиғатты аралау күшті тенденцияға айналып келеді. Әлеуметтік желілерден де байқайсың, жастар әрқашан үнемі ізденіс үстінде. даму үстінде. Тауға шығу да дамудың бір түрі. Тауға шығу арқылы адам бойындағы бар негативтен арылады, ішкі қорқыныштарын жеңеді, қаланың өмірінен бір сәт демалады. Турда жастарды, студенттерді көрсем қатты қызығамын, оларға қарап қуанамын. Қазірден тауға шығу денсаулықты нығайтып қана қоймай, оның әдетке айналуына көп септігін тигізеді.
“САЯХАТҚА ШЫҒУ ЖАСТАРДЫҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕ ТҮСЕДІ”
– Саяхаттау, әдемі жерлерді көру ол денсаулыққа ғана емес, миға да пайдалы. Ақшаны материалды емес, ел көруге, жер көруге құртқан жөн дер едім. Себебі, материалды дүние уақыт өте келе аса қатты маңызды болмайды, ал саяхатқа құрту ең жақсы инвестиция. Мен алғаш рет Көлсай мен Шарынға жаз айында барған болатынмын. Ол кездегі эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ең алғаш сапарымда турмен шыққандықтан ба, өте жылы естеліктер қалды, ұмытылмастай сапар болды. Қаланың қарбалас тіршілігінен шығып, бір сәт жан тыныштығын сезініп қайтқан едім. Алғаш барғаннан-ақ көп нәрсені басқаша ұғынып, жаңа идеялар келіп бастады. Сондықтан шығар, саяхат менде тың идеялармен ассосиация. Түркияның Ыстамбұл қаласына барғанда да күшті курсыма қатысты идеялар туындап, елге келе сала сол идеямды жүзеге асырған едім.
Мадина Жеделбаева,
СДУ университетінің 4 курс студенті