Сарбаз: "Мені ұрып-соғып, көпірден лақтырды. Мұздың үстіне құладым"

(0 Votes)

Атырауда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде бір топ адам 18 жастағы сарбазды соққыға жығып, кейін көпірден лақтырып жіберген.

Кейін оны қала тұрғыны ауруханаға жеткізген, деп хабарлайды Экспресс К.

Атырау облысы әкімдігінің алдында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 49 полиция қызметкері мен 28 Ұлттық Ұланның сарбазы мен қызметкері түрлі дене жарақатын алды. Әскерилердің айтуынша, жиналғандардың бір бөлігі ұрып-соғуға ұмтылғанымен, бір бөлігі полиция қызметкерлерін қорғаған.

Атыраудағы 5546 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген 18 жастағы түркістандық сарбаздың айтуынша, оны алты адам ұрған. Жанындағы сарбаздарды да әлдекімдердің төмпештеп жатқанын көрген. Еңгезердей алты ер адамға тойтарыс бере алмайтынын білген ол артқа шегінуге тырысқан. Алайда артында орталық көпірден ұстап алып, 18 жастағы сарбазды көпір үстінен төмен лақтырып жіберген. Сарбаз мұз үстіне құлапты. Дәрігерлер оның оқ өткізбейтін бронды жилеті мен басындағы каскасы қатерден аман қалуына септігін тигізді деді.

"Алты адамды санап үлгергенімді білемін. Не істемек болғандарын түсінбедім. Ұрып-соғып жатқанда, "бұларды өлтіру қажет" деді. Сол кезде шегіну керегін түсіндім. Көпірден құлағанда, шамалы уақыт есеңгіреп қалдым. Кейін айналамда ешкімнің жоғын байқадым. Денемді зорға көтеріп, жолға шықтым. Көлік тоқтатып, әскери бөлімге жеткеннен кейін, ауруханаға алып кетті. Қазір жағдайым жақсы", — деді сарбаз.

Ал Атырау облыстық Полиция департаментіндегілер бүлік кезінде ондаған тәртіп сақшысының зардап шеккенін айтып отыр.

"Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндері ресми ақпараттарда 35 полиция қызметкері түрлі дене жарақатын алды деп хабарланды. Кейін бұл сан 49-ға дейін өсті. Күдіктілер іздестіріліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр", — деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521